$ 443.85  474.3  4.8

«Арыстан патша» қазақша «сөйледі», мәдениет министрлігі не дейді? (ВИДЕО)

«Арыстан Патша» фильмінің тұсаукесері кезінде «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова «Өзіңнен баста» жобасы ешқандай да мемлекеттік қолдау көрмегенін, қазақстандық компаниялар мен меценаттардың демеушілігі арқасында жүзеге асқанын айтты.

Қазақ тіліне аударылған тағы бір шетелдік фильм көрерменге жол тартты. «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы шеңберінде 31-фильмі – Disney-дің төл өнімі «Король лев»/«Арыстан Патша» қазақша «сөйледі». Фильмнің дубляжын дайындауға BI Group компаниясы демеушілік жасады. 

Қазақстанға жыл сайын 300-ге жуық шетелдік фильм кіреді. Алайда соның бәрі қазақ тіліне аударылмайды. Неге? Мұның себебін ілгеріде Мәдениет және спорт министрлігі дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түседі деп түсіндірді. Министрлік осындай түсініктеме беріп, мемлекеттік органдар тіл мәселесінде селсоқтық танытса да, ел азаматтары мен отандық бизнес өкілдері қарап қалмай, қазақ тілін дамытуға, қазақ тілді сапалы контент қалыптастыруға таудай үлес қосып келеді. Соның арқасында қазақша «сөйлеген» фильмдер қатары көбейіп, өз көрерменімен қауышуда. Министрлік жолға қоя алмаған дүниені азаматтар осылайша абыроймен атқарып отыр. 

«Арыстан Патша» фильмінің тұсаукесері кезінде «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова «Өзіңнен баста» жобасы ешқандай да мемлекеттік қолдау көрмегенін, қазақстандық компаниялар мен меценаттардың демеушілігі арқасында жүзеге асқанын айтты. 

«Болашақ» корпоративтік қорына кинотеатрлардағы қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақытына қатысты көп сын-талаптар айтылады. Осыған байланысты биыл қор кинотеатрлар мен аудиторияларда қазақтілді контенттің тең қолжетімділігіне және басқа да мәселелерге қатысты «Кино туралы» заң жобасына өз ұсыныстарын енгізді. Меніңше, мұндай бағыттағы жұмыстармен Мәдениет және спорт министрлігі айналысып, қолдап, қуаттауы керек еді. Себебі министрлік – қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына тікелей атсалысатын ұйым», - деді Динара Шайжүнісова.

Мәдениет және спорт министрлігі бұдан ілгеріде «Кинематография туралы» заңға сәйкес шетелдік фильмдерді титр арқылы аударма жасап көрсетуді жолға қойған еді. Алайда титрдағы қазақша аудармалардағы грамматикалық қатенің өріп жүруі, мағынасының бұрмалануы, көрермендердің ашу-ызасын тудырды. Осындай шағымдар нәтижесінде «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмі прокатқа берілген куәлігінен айырылды.

Ал «Болашақ» корпоративтік қоры мұндай мәселердің шешімін баяғыда-ақ тапқан. «Өзіңнен баста» жобасы голлувуд фильмдерінің қазақ тіліне дубляждалуын 2011 жылдан бастап атқарып келеді. «Болашақ» қоры қазанда «Малефисента», қарашада «Холодное сердце 2»/«Мұзды өлке 2» фильмдерін қазақша сөйлетпек.

Айта кетейік, Walt Disney Pictures компаниясының дауыстар базасында отандық 100 актердің есімі бар. Солардың арқасында қазақ тілі түркі тілдес халықтар тілдері ішінде түрік тілінен кейінгі екінші орынға көтерілді. Міне, қазақ тіліне деген жанашырлық! Министрлік осыдан кейін ойланатын шығар бәлкім...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары