Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша елімізде көш бастайды. Осы жылдың 11 айында өңірдегі жылыжай шаруашылықтарының саны 5950-ге жетіп, олардың көлемі 1021 гектарды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштің 87 пайызына тең. Ал аталған шаруашылықтарда 10 мыңға жуық адам жұмыс істеуде.
Осы жылыжай шаруашылықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 2 млрд. 450 млн. теңге субсидия төленген. Ал «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес, инвестициялық субсидия негізінде «Ифтихари» ЖШС мен ЖК «Абдураимов» шаруашылықтарына 80 миллион теңге қайтарымсыз қаражат берілген.
Мәселен, мемлекеттік қолдауларға ие болған шаруашылықтардың бірі Сайрам ауданының Мәртөбе ауылындағы KazAgronom ЖШС-і. Осы жылдың қаңтар айында ашылған жылыжайдың көлемі 2 гектарды құрайды. Қызанақтың төрт түрлі сұрыпын өсірумен айналысатын шаруашылықтың жылдық қуаттылығы 1 мың тоннаны құрайды. Жылыжай өнімдері, әзірге, еліміздің шалғай аймақтарына саудаланып, тасымалдануда. Шетелдік озық технологиялармен жұмыс істеуде.
Облыста жыл сайын 706 мың тоннаның көкөніс өнімдері өндірілсе, соның 165-170 мың тоннасы жылыжай өнімдері. Өңіріміздің көкөніске деген қажеттілігі 204 мың тоннаны құрайды десек, 500 мың тоннадай өнім еліміздің солтүстік аймақтарына сатылып, Ресей, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады. Оның 60 мың тоннасы жылыжай көкөністері болып табылады.
Өңірдегі жылыжай шаруашылықтары, негізінен, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында қарқынды дамуда.
2015 жылы жылыжай құрылысын салуда жылдық тапсырма 102 гектарды құрауы керек болса, жыл басынан бергі 11 айдың қорытындысы бойынша облыстағы жылыжай шаруашылықтарының аумағы 111,1 гектарға жетіп, көзделген меже 108,9 пайызға орындалды.