Жалпы облыс бойынша 2015 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 148,9 млрд.теңге түсті. Оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 104,8%-ға орындалып, 3192,5 млн.теңге артығымен түсті.
2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бюджетке түскен қаржы 119,7 %-ға өсіп отыр. Есепті кезеңде жергілікті бюджеттің кірістер жоспары барлық аудан, қалалар бойынша асыра орындалды. Бюджеттің шығыстар бөлігін орындау жөніндегі көрсеткіштердің де жылдан жылға сапасы жақсарып келеді. Ағымдағы жылдың 9 айында бюджеттің шығыстары 99,2%-ға атқарылды немесе 354,7 млрд.теңге игерілді. Әлеуметтік салаға бөлінген қаржының биылғы жылдың 9 айында 235,7 млрд.теңгесі игерілді. Атап айтқанда, білім беру саласына биылғы жылы 188,2 млрд.теңге бөлінсе, оның 9 айда 147,2 млрд.теңгесі игерілді, өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп отыр. Денсаулық сақтау саласына 2015 жылы 75,8 млрд.теңге қаралса, оның 9 айда жұмсалғаны 56,8 млрд.теңгені құрады. Ал мәдениет пен спортқа және ақпараттандыру саласына биылғы жылы 23,2 млрд.теңге бөлінсе, 9 айда 19,1 млрд.теңге игерілді, яғни өткен жылға қарағанда 0,7 млрд.теңгеге көп жұмсалып отыр.