$ 494.87  520.65  4.91

Отбасы берік елдердің түтіні түзу ұшады

Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деп аталарымыз текке айтпаған.
Фото: au.linkedin.com
Фото: au.linkedin.com

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ер жететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі – отбасы. Сондықтан қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Сондықтан Елбасымыз  2014 жылы «Отбасы күнін» белгілеп, сол жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы өткізіле бастады. 

Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деп аталарымыз текке айтпаған. Себебі өмірге жаңа келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Яғни, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Жалпы, адам өміріндегі отбасының рөлі жайында алаш арысы Мағжан Жұмабаев: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек,олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн», –  деген екен. 
Расында, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Сондықтан туғаннан тәрбие беретін отбасы – сыйластық, жарастық орнаған ортаға айналуы тиіс. 
Сол себепті біздің елімізде «Отбасы күні» белгіленіп, отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспар бекітілді. 

Елімізде мұндай қаулы қабылданып, ауқымды шаралардың қолға алынуына бірқатар жағдайлар себеп болды. Атап айтқанда, ажырасу және некесіз бала туу үрдісі көбейді. Бір кездері, 2000-2010 жылдардың тұсында шамамен әрбір үшінші неке ажырасуға жетті. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі көбейді. Мәселен, 2011 жылы 160,5 мың некенің 44,9 мыңы ажырасса (28%), 2015 жылы 148,7 мың некенің 53,3 мыңы ажырасқан (35%). Соның салдарынан елімізде толық емес, яғни, не әйелі, не күйеуі жоқ отбасылар артты. Салыстырмалы түрде алғанда, 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы толық емес отбасылар үлесі 6,8%-ға артқан. Олардың ішінде 400 мыңнан астам әйел 700 мыңнан астам баланы, ал 60 мыңнан астам ер адам 300 мыңнан астам баланы тәрбиелеп отыр (15,1% бала анасымен ғана, 6,4% бала әкесімен ғана тұрып жатыр). Демек әрбір  бесінші бала толық емес отбасында өмір сүретіні белгілі болған. 

Сондықтан сол тұстағы ҚР Президенті осыған байланысты шұғыл шешім шығарды.

Елбасының 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкімі бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы туралы» бұйрық шығарды. Аталған байқау отбасылық құндылықтарды нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жалпыға бірдей еңбек қоғамын құру сияқты үш бағыт бойынша іске асырылады. Елімізде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар және Астана әкімдерінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың қолдауымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі конкурстың ұйымдастырушылары болып табылады.

2014 жылы алғаш рет 15 этностың отбасылары мен 34 аралас отбасының қатысуымен өткізілген «Мерейлі отбасы» байқауында Тұңғыш Президент–Елбасы шараның маңыздылығын атап өтті.

«Әр отбасының тарихы, бұл  – Қазақстан тұрмысының үлкен энциклопедиясы. Ең лайықты және құрметті отбасылар өңірлік байқаулардың жеңімпазы болды. Осы отбасылардың әрқайсысы туралы роман, повесть жазып, фильм түсіруге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ұлттық байқау өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталды. Жалпы, мұндай шараны қолға алудағы мақсат – отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды және қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу, және кеңінен насихаттау болды.  Және де байқауға отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері жоғары отбасылар жіберілді.

Байқау алғаш ұйымдастырылған жылы жеңімпазы атанған түркістандық Бимаханбетовтер әулетінің ақсақалы Елтай Бимаханбетовті марапаттау рәсімінде Елбасы отбасына диплом және отандық өндірістен шыққан әмбебап шағын автобустың кілтін тапсырды және қалған 15 отбасы да автокөліктерге ие болатынын айтты. Сондай-ақ сол шарада Отбасы күнін Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде атап өтiлетіні айтылды.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті. Оның орнын еш нәрсе алмастыра алмайды. Себебі отбасы баланы өмірге келтіріп қана қоймай, оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын ұғындырып, заманына сай өмір сүруіне жол сілтейді. Бала өз бойына ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесін, жүріс-тұрысы мен мінезін сіңіреді. Сондай-ақ қазақ «ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол», дейді. Себебі бала қасындағы қатар-құрбысынан да үлгі алып, өскен ортасына қарай бейімделеді. Осы ретте ұлы ақын Абай өзінің он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» – дейді. 

Түйін: Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дегені екен. Шынында, отбасы – шағын мемлекет. Әр мемлекеттің басқару жүйесі әртүрлі болады. Ұрпақтың қандай болып өсуі, қоғамға қосар үлесі отбасында қалыптасады.  Сондықтан отбасы қашанда бірінші орында тұруы керек. Отбасы институты барынша дәріптеліп, «Мерейлі отбасы» секілді жобалар көптеп қолға алынуы тиіс. 

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары