Ақтөбе қаласы маңында балалар мінген автобус аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде аударылған мектеп автобусында 18 оқушы мен 9 ата-ана болған. Солтүстік айналма жолдың 13 шақырымында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Автобус ішінде №9 мектеп-гимназиясының 18 оқушы мен 9 ата-ана болған.
«Автобус жүргізушісі жол ережесін бұзып, «Тәжікстан азаматы мінген «Ниссан« көлігімен түйісіп қалды. Салдарынан автобус аударылды. Жедел жәрдем қызметі 16 баланы ауруханаға жеткізіп, екеуі жатқызылды. Ал жедел жәрдем ауруханасына 3 ересек адам жеткізілді. Оқиға орнында дәрігерлер, полиция мен төтенше жағдай қызметі жұмыс істеді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ата-аналар жеке автобусты жалға алып, балаларымен табиғат аясында тынықпақ болған. №9 мектеп-гимназиясының әкімшілігі бұл туралы мүлде білмеген.
«Жүргізуші балалар мен ата-аналар мектеп жанында жиналды деп айтты. Бірақ мектеп басшылығы бұл сапардан мүлде бейхабар. Алдағы күндері мектеп басшылығымен жұмыс жүреді. Бәрі де 5 «А« сыныбының оқушылары. Автобус ішінде барлығы 27 адам болған. Арасында бірде-бір мұғалім жоқ, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов.
Дәрігерлер жол апатына ұшыраған әр оқушыны қарап шықты. Бір бала ми жарақатымен жансақтау бөліміне түсті.
«Ми жарақаты, мидың жұмсақ тіндері кесілді. Жағдайы тұрақты. Оперативті емге дайындалып жатыр. Тағы бір оқушы травматология бөліміне түсті. Оның қолында кесілген жарақат бар. Балаға хирургиялық ота жасалады. Тағы екі баланы ауруханаға жатқызу мәселесі қарастырылып жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрғандай ештеңе жоқ. Барлығы 8 ата-ана әкелінді, оның үшеуі травматологияда ем қабылдайды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.