$ 448.89  477.93  4.76

Ақтөбеде «Полицияға күш қолданды» деп айыпталған тұрғынға сот үкімі шықты

Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынған еді.
Фото: Азатттық
Фото: Азатттық

7 қазан күні Ақтөбе соты қала тұрғыны Аслан Мақатовтың бас бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарды. 3- топтағы мүгедек Аслан Мақатовты тергеу «билік өкіліне яғни, полицияға қарсы күш қолданды» деп айыптаған, деп жазады Азаттық.

Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынған еді.

Мемлекеттік айыптаушы Сәкен Бертілеуовтің сөзінше, «2019 жылғы 6 шілде күні Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда Аслан Мақатов тұрғындарды заңсыз митингіге шақырып, қызмет бабымен жүрген полиция қызметкерлерін видеоға түсірген. Митингіге қатысушы Мақатовтың «заңсыз әрекеттерін» тоқтатпақ болған полиция подполковнигі Сыдықбаев оны бөлімшеге әкетпек болады. Осы сәтте Аслан Мақатов полиция қызметкеріне қарсылық көрсетіп, басымен соғып, қызметтік шалбарын жыртқан».

Тергеу сотқа дәлел ретінде ұсынған видеодан Аслан Мақатовты полиция формасын киген бірнеше адамның әкетіп бара жатқанын көруге болады. Өзін күштеп әкетіп бара жатқан бір топ полицейге Мақатовтың «телефонымды қайтарыңдар» деп айғайлаған дауысы естіледі.

Сот алдында соңғы сөзін айтқан Аслан Мақатов «Мен өзіме тағылған айыпты жоққа шығармаймын. Бірақ полиция қызметкерлері маған күш көрсетті. Бұл менің дөрекілікке деген наразылығым екенін ескерсеңіз» деді.

Жәбірленуші тарап яғни, полиция подполковнигі Сыдықбаев үкім шығатын күні сотқа келген жоқ. Судья Ербол Әбдіхалықовтың айтуынша, жәбірленуші қызмет бабымен өзге өңірге ауысып кеткен.

Аслан Мақатовтың адвокаты Сейсенбай Ділманов «тергеу жәбірленуші деп таныған полицей қызмет бабын асыра пайдаланған» деп санайды.

- Тергеу Аслан Мақатовтың тұрғындарды заңсыз митингіге шақырғанын дәлелдей алған жоқ. Ал азаматтардың смартфонға видео түсіруіне заң ешқандай тыйым салмайды. Полиция қызметкерлері Мақатовтың телефонын тартып алған. Демек, полиция Мақатовты заңсыз ұстап қана қоймай, оның ашу-ызасын туғызған. Мұны арандатушылық деп бағалауға болады, -дейді адвокат Сейсенбай Ділманов.

Жарыссөз кезінде прокурор Сәкен Бертілеуов сотталушы Аслан Мақатовтың бас бостандығын бір жарым жылға шектеуді сұраған болатын. Кеңесу бөлмесінен келген судья Ербол Әбдіхалықов Аслан Мақатовтың бас бостандығын бір жылға шектеді. Әбдіхалықов үкім шығарған кезде «Мақатовтың бұрын сотталмағанын, жас екенін, оған берілген мінездеменің жақсы екенін, мүгедектігі барын ескерген». Сотталушы мен оның адвокаты үкімге қатысты ешқандай пікір айтпады.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушы он күннің ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы.

6 шілдеде Қазақстанның бірнеше қаласында, соның ішінде Ақтөбеде билікке қарсы наразылық шарасы өтті. 6 шілде, Астана күні және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні, полиция наразылыққа шыққан жүздеген адамды ұстаған. Ұсталған адамдар полиция әкетіп бара жатқанда "Шал, кет", "Саяси тұтқындарға бостандық" деп айғайлаған.

Шілденің басында өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды билікке қарсы жаппай наразылық шарасына шақырған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қазақстан