$ 498.34  519.72  4.85

Жырды жырауларша айтқан талантты оқушыларды іріктеу оңайға соқпады

Соңғы жылдары батырлар жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Мазмұнды шара Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында өткізілуде.

Аталған байқаудың қалалық кезеңі А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Онда қаладағы 55 мектептен 528 оқушы бақ сынады. Мұнда оқушының жырды толық жаттағанына ерекше назар аударылды.
– «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына сыңарым – Нұрай екеуміз «Қобыланды батыр» жырының 50 бетін жаттап келдік. Биыл байқауға қатысушылар саны өте көп. Олардың барлығына сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілейміз, – деді Ә. Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Гүлай Қалиханова.
Шара барысында қатысушылардың арасынан оқ бойы оза шыққан жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына оңайға соқпады. Себебі, оқушылардың барлығы жоғарғы деңгейде дайындалған. Олар бар өнерін ортаға салуда. Бірақ, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, қаншама қатысушының арасынан жырды жатқа айтудан мүдірмей, суырылып шыққандар ғана жүлдегер атанды. Атап айтсақ, бірінші орынды Сымбат Жақсыбекова мен Ақтоты Жаппар иеленді. Ал екінші орын Аружан Қуаныш пен Қасиет Алипбаеваға бұйырды. Үшінші орынды Аружан Жансұлтанқызы мен Валерия Лизько өзара бөлісті.

Алдағы уақытта қалалық деңгейдің жүлдегерлері облыстық кезеңде бақ сынайды. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жырдан сайыс, екіншісі – сұрақ-жауап. Ал үшінші кезең – көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу. Онда бірінші орын иегеріне 1 миллион теңге табысталады. Ал екінші орын – 600 мың теңге десек, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы берілмек. Жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне ақшалай жүлде қорын тағайындау, әрі біліктілік санатын көтеру де ескерілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары