«Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи-танымдық байқауы биыл республикалық маңызға ие болып отыр. Ықылым заманнан бері келе жатқан жыршылық дәстүрді қайта жандандыруға бағытталған шараның мақсаты – жас буынның жадында батырлар жырын жаңғырту.
20 қыркүйекте №250 орта мектепте «Qazaq Epos» қоғамдық қорының «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық ағарту жобасы аясында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан аудандық іріктеу кезеңі өтті. Батырлар жырын жаттап, бақ сынағандардың қарасы қалың. Байқауға аудан мектептері бойынша 300-ге жуық оқушы қатысты. Жырға жаны құмар оқушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтып шықты. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескерілді.
Сайыста жырды толық жаттаған 3 оқушы болды. Атап айтар болсақ, олар – №109 мектептің 11 сынып оқушысы Гүлсіңай Кенжебек, №272 мектептің 7 сынып оқушысы Даяна Толыбаева мен осы мектептің 10 сынып оқушысы Гүлнұр Қалмырза. Үшеуі де жыр үзінділерінен қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.
Байқаудың ІІ кезеңіне жырдың 100 бетін жаттаған 8 оқушы өтті. Оларға 3 мүмкіндік беріліп, жырдың кез келген тұсынан үзінділер сұралды. Сайыс нәтижесі бойынша І орынды №272 мектеп оқушысы Гүлнұр Қалмырза қанжығасына байласа, ІІ орынды Даяна Толыбаева иеленді. Жетекшілері – Мереке Қайнарова. Ал ІІІ орынды №277 мектептің оқушысы Айжан Әбілбек еншіледі.