Фермерлер пайдаланып отырған жердің технологиялық картасына 700 мың теңге қажет.
Оның үстіне бүгінгінің бас ауыртатын мәселесіне айналған құр жатқан жерлердің иелері шетел асып кеткен, деп хабарлайды SkifNews ақпараттық порталы "Хабар" агенттігіне сілтеп.
Иесі табылған жағдайдың өзінде жер банктерге кепілге қойылғаны анықталып отыр. Латифундистер жәукемдеген жерлерді жұмыс істеймін деушілерге қайтарып беруге сот та қауқарсыз.
Ерлан Оспанов – 1500 гектар жерге егін егіп, нәпақасын тауып жүрген жан. Бірақ адал еңбек еткенмен, кедергіден көз ашпайтынын айтады. Оның сөзінше, қазір фермерлерге алқабын ұлғайтып, табысын көбейтуге мүмкіндік жоқ. Себебі бос жатқан жер телімдерінің иелері не шетел асқан, не құжаттары беймәлім жандарға тиесілі.
Ерлан Оспанов, фермер: - Мысалы, мына аумақ кімдікі екені белгісіз. Қаншама дәнді дақыл егіп, халықты асырауға болатын жерлер қараусыз жатыр. Жұмыс істегіміз келеді. Бірақ бос жатқан телімдер кімдікі екенін білмейміз. Іздеп табу тіпті мүмкін емес. Іздей бастасаң, ол басқа елде болып шығады. Кейде басқа біреулердің атына тіркеліп тұрады.
Қазір Қазақстанда қолданылмай жатқан 2 млн 200 мыңға жуық жер бар екен. Ал мұндай жерді химиялық, механикалық өңдеуден өткізу үшін миллиондаған шығын кетеді. Әрі 3 жылдан кейін ғана жұмысты бастауға болады. Иә, бұл мәселені биыл қыркүйекте өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген еді. Мемлекет басшысы айтпақшы, латифундистер шынымен де көбейіпті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Мемлекеттен жерді тегін жалға алып, бірақ кәдеге жаратпай отырғандар көп. Қаншама жерді құр ұстап отырғандарына қымсынбайды. Елімізде латифундистер қаптап кетті. Қолданылмай жатқан ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді мемлекетке қайтаратын уақыт келді.
Президент ғарыштан түсірілім жасап, жерді цифрландыру қажеттігін айтқан еді. Ел басшысы тапсырғандай телімдер қазір сақылдаған санға айналыпты. Есептеу ақпараттық орталығы өкілінің сөзінше, тиімді пайдаланылмай жатқан жер жетеді. 1 млн гектарға жуық егіске жарамды жер бос жатыр. Ал 35 млн шақырымға шақ келетін жайылым игерусіз қалыпты. Осы ретте 7,3 млн км жерді іске асырмаған Қарағанды облысы көш бастап тұр. Оны 5 млн шақырым телімі бар Ақтөбе облысы қостап тұр. ШҚО-ның өзінде 4,1 млн гектар жер тұтынушысын тосып жатса, Маңғыстау облысындағы 2,9 млн гектар жер жетімсіреуде. Сондай-ақ Қостанай облысында құр жатқан 2,8 млн гектар болса, басқа аймақтарға 12 млн шақырым тиесілі екен.
Азамат Құрманов, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы: - Мемлекет басшысы айтқандай, космотүсірілімдер ауадай қажет. Әсіресе егінге арналған жерлер мониторингке мұқтаж. Себебі осы ғарыштан жасалған фотосуреттің арқасында жер егістік бағытында игерілгендігі немесе игерілмегендігі анық көрінеді. Жердің қазіргі жағдайын ғана емес, 10 жыл бұрынғы нәтижелерін де осылай алу оңай.
Мамандардың сөзінше, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге ғарыштан түсірілім жасау қажет-ақ. Өйткені кімнің жұмыс істеп, кімнің қол қусырып отырғаны бірден анықталмақ. Ал ведомство өкілі: «2012 жылдан бері тиімді пайдаланылмаған 11 млн гектар жер анықталды», – дейді.
Жанар Қаржанова, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер қатынастарын дамыту және жерге орналастыру басқармасы жетекшісі: - Мемлекет басшысының 28 қазанда Жер кодексіне енгізген өзгертулері бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жерді тиімді тұтыну үшін ғарыштан түсірілімдер жасалады. Мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында өзге де әкімшілік шараларды жүзеге асырамыз. Сондай-ақ сот арқылы заңбұзушылықтарға тосқауыл қойылады.
Қазір республика көлемінде 2 млн 200 мың гектар жер мүлде қараусыз қалған. Ал оны кәдеге асырғысы келетіндер тексерістердің құрбаны болып қудалануда. Сондықтан қысым көргендер ауыл шаруашылығы мамандары тезірек әділеттік орнағанын қалайды.