Ақтаудың 30, 32, 33 және 34 ықшам аудандарында жол апаты болды. Соғылған көліктердің бірінің тізгіні 13 жастағы жеткіншектің қолында болған көрінеді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 39 жастағы ер адам опат болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Toyota Camry, Geely және Hyundai Accent автокөліктері соқтығысқан.
«Алған жарақаттарының әсерінен Geely автокөлігінің жүргізушісі сол мезетте мерт болды. Оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 3-бабы бойынша іс қозғалатын болады. Қажетті сараптамалар жасалады», - делінген Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Полиция қызметінің жолда көлікті қууы туралы ақпарат жоққа шығарылды. Дегенмен көліктердің бірін кәмелеттік жасқа толмаған бала айдағаны анықталды. Жедел жәрдем қызметіне болған оқиғаға байланысты хабар сағат 09:21 шамасында түсіпті.
Дәрігерлердің айтуынша жол апаты болған жерге екі жедел жәрдем бригадасы жіберілген. Олар көліктердің соқтығысуынан 4 адам жарақаттанғанын, олардың бірі оқиға орнында қаза тапқанын анықтаған. Ал қалған үшеуі, оның ішінде көлікті айдаған 13 жастағы бала ауруханаға жеткізіліпті.