Алматылық мектеп оқушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz.
Бақынжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Алматы миллиондардың кіндік қаны тамған туған жері, ес білгелі өскен өлкесі, жанұя құрып, тамырын кеңге жайған ыстық ұясы. Алматының орны кімге болса да ерекше.
Алматы – тек өзінде туып-өскен азаматтардың ғана емес, сонымен қатар еліміздің түпкір-түпкірінен арман арқалап келіп, асуларды бағындырған, қарапайымнан асылдарға жеткен қалың жұртшылықтың қаласы. Талай тағдырды табыстырып, жалғыз жандарды қауыштырған, қаншама жастың көкірек көзін ашып, нағыз өмірге қанат қақтырған қала. Жастық пен қарттықтың, жомарттық пен мәрттіктің куәсі болған, тамаша табиғаты тамсандырып, сал-серілерге ән салдырған көрікті де құтты мекен. Қалада әсіресе жастардың қалыптасуына мүмкіндік мол. Республика бойынша ең үздік білім ордалары да осында.
Жалпы, білім саласындағы нәтиже – бұл баланың алған білімін сабақта ғана емес, сонымен қатар оларды түрлі зияткерлік сайыстарда көрсету қабілеті. Қалалық мектеп оқушыларының түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы, зияткерлік байқаулардағы жетістіктері қуантады.
Мысалы, №28 мектеп-лицейінің түлегі Тимур Рыспеков АҚШ пен Канадада өткен халықаралық жарыстардың алтын медаль иегері. Сондай-ақ «Microsoft Imagine Cup-2018» халықаралық жарысында (Майкрософт имэджен Кап-2018) «үздік инновациялық жоба» номинациясында 1-ші орынға ие болды.
Тимур Рыспековтың туындысы Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері қатысушыларының ұсынған жұмыстары арасындағы үздік инновациялық жоба деп танылды. Ол физика, информатика, математика саласындағы патенттер және авторлық құқықтармен қорғалған 32-ден астам жобаның авторы. Мектеп қабырғасында жүріп «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. 2019 жылы Forbes-тің «30-дан 30-ға дейін» жобасына енген Тимур бүгінде Массачусетс технологиялық институтының студенті.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы қатарында №159 гимназияның түлегі, музыка әлеміндегі құбылыс деп танылған ең жас мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Рахат-Би Әбдісағин да бар. Жас талант музыкалық шығармашылығынан бөлек, ағылшын, итальян, испан тілдерінде еркін сөйлеп, француз, неміс тілдерін меңгеруді мақсат еткен. Италияның Рим қаласында 1585 жылы Рим папасының ықпалымен ашылған Санта-Чечилия музыка академиясының докторантурасына қабылданған ең жас, әрі ең алғашқы қазақстандық.
Айта кетейік, биыл алматылық оқушылар 28 түрлі зияткерлік және шығармашылық конкурстарда бақ сынады. 358 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында 90 алтын, 126 күміс, 142 қола медаль алып, жүлделі орындарға ие болған.
Алматылық оқушылар 17 жыл бойы республикалық ғылыми жобалар байқауларында командалық бірінші орынды иеленіп келеді.
11-сынып оқушылары арасында 6 жыл қатарынан Президенттік олимпиадада, сондай-ақ, республикалық олимпиадада қала командасы «Үздік команда» атанды.
Осы секілді әлеуметтану, жаратылыстану, лингвистика, тарих және тағы да басқа пәндерден, сондай-ақ спорт саласында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жас дарындар аз емес.