Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің заманауи классикасына айналған «Груффало» ертегісі тұңғыш рет қазақ тіліне аударылды. Ұлыбританияның Алматыдағы Haileybury мектебінде аталған кітаптың тұсаукесері өтіп, оқушылардың қатысуымен қазақ тілінде әзірленген «Груффало» қойылымы сахналанды, деп хабарлайды Sn.kz.
Күлкілі де қызықты тілмен жеңіл баяндалатын Джулия Дональдсонның Груффало ертегісін танымал журналист, Оксфорд университетінің түлегі Ғалым Боқаш қазақ тіліне аударса, көркемдеген - белгілі иллюстратор Аксель Шеффлер. Ертегі Stepe&World баспасынан 2 мың дана таралыммен жарық көріп отыр.
– Ертегіні өз балаларым сияқты қазақтың барлық баласы білсін, көрсін деген мақсатпен ұсынып отырмыз. «Груффало» кітабының, оның кейіпкерлерінің қазақша сөйлеп жатқанына өте қуаныштымын. Ертегі Ұлыбританияда және басқа да елдерде балаларға ұйықтар алдында оқып беруге арналған ең үздік кітап деп танылған. Өз балам да осы кітапты әлі күнге дейін жалықпастан сан мәрте оқып беруімді сұрайды, – дейді Stepe&World баспасының директоры Раиса Сайранқызы.
Айта кетейік, қазақ тіліндегі жаңа фэнтези-жобалардың бірден-бір басты жеткізушісі саналатын «Steppe&World» баспасы 2017 жылыдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Гарри Поттер көп сериялы романын ресми рұқсатпен бірінші болып қазақ тіліне аудару үстінде.