Таразда базар саудагерлері дүрлігіп жатыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі кассалық аппарат орнатудан бас тартуда. «Жаңа құрылғы қымбат, әрі тапқан табысымыздың берекесін кетіреді», - дейді олар. Ал салықшылар заң талабын алға тартады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Тараздағы «Ауыл Береке» деп аталатын ең ірі базардың саудагерлері топ болып жиналып айқайға басты. Кәсіпкерлерге жаңа жылға дейін онлайн кассалық аппарат орнату міндеттелген. Алайда сатушылардың басым бөлігі заңға бағынуға құлықсыз екенін аңғартты.
- Кассалық аппарат базарға керек нәрсе емес. Бұл супермаркет емес. «Ауыл береке» базарында былтыр 120 орын бос болса, қазір 200 орын бос. Кассалық аппарат талап етуде. Қане, қайсысың аппарат қоя аласыңдар? Қарсымыз, қарсымыз!
Кассалық машина іске қосылса, сатушы клиенттің әр алған тауарына түбіртек беруі тиіс. Бұл бұған дейін қолма-қол жұмыс істеп келген бизнесменнің табысы жария болуы деген сөз. Ал кәсіпкерлер ашықтықтан қорқатын сияқты. Оларға патентпен жұмыс жасау тиімді. Сондықтан аталмыш жүйені қалдыруды талап етеді. «Оның үстіне құрылғының құны қалтаға салмақ салады», - дейді.
- Бізге патент ыңғайлы.
- Тыйым салды. Қаңтардан бастап болмайды.
- Халықпен санасу керек қой. Неге санаспайды?
Алайда кірістер басқармасы кәсіпкерлердің уәжі «орынсыз» дейді. «Аппаратты қолданудан ұтпаса, ұтылмайды» деп сендіреді. Бұл тәсіл салықтан жалтарғандарды ауыздықтау деп отыр. Сондықтан түптің-түбінде бизнесмендерге жаппай осы жүйеге көшу міндеттелмек. Сол себепті жұртты қасарыспай, тәртіпке бағынуға шақырады.
Ғани Сейдуанов, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалай болғанда да кассалық аппарат қойылуы керек. Мына кісілер неден қорқады?
- Бұлардың қорқып жатқаны, кассалық аппаратты қойсақ, біздің табысымыздың бәрін көріп қояды деген мағына да. Біз күнде сатпасақ, не болады дейді? Сатпасаң ұрмайсың, не саттың, соған чек беруге міндеттісің. Кассалық апараттың құны 55-60 мың теңге көлемінде. Құрылғыны қолданбаған әрбір саудагер 1 қаңтардан бастап 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Дау шыққан базардағы үш мыңға жуық кәсіпкердің әзірге тек тең жарымы ғана салық аппаратын сатып алған. Қалғаны әзірге құлықсыз.