$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда Жомарт Ертаев пен оның сыбайластарына қатысты сот отырысы басталды

Жомарт Ертаевқа қатысты атышулы іс ақыры сотта қарала басталды.
Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

Алматыда қашқын банкир Жомарт Ертаев пен оның сыбайластарына қатысты сот тыңдауы басталды. Айыпталушы орындығында Ертаевтан «RBK BANK» пен жабылып қалған «QAZAQ BANK-нің» әртүрлі дәрежедегі 36 қызметкері бар. Тергеу  мәліметі бойынша, барлығы сыбайласып ақша жеген. Кейбірі Ертаевқа миллиардтап теңге жымқыруға көмектескен. Үш прокурор мен 30 адвокат тірескен алғашқы отырысқа КТК тілшісі қатысып қайтты.

Жомарт Ертаевқа қатысты атышулы іс ақыры сотта қарала басталды. Алматыда өткен алдын ала тыңдауға қашқын банкирмен ым-жымы бір болған сыбайластары түгел келді. 800 томға арқау болған істе бақандай 37 күдікті бар. Басты айыпталушы Жомарт Ертаевтың бұрыңғы әріптестері мен бірқатар топ-менеджерлер сот залына лық толды. Әрқайсысы адвокаттарын ерте келгендіктен, қаумалаған адамдар үлкен залға сығылысып әрең сыйды. Күдіктілердің көбі кепілдікпен бостандықта жүр. Сондықтан қолына кісен салынған 9 адам ғана айыпталушылар орындығына жайғасты. Тоғыз ай тергеу қапасында отырған қашқын банкирдің жүзінен өткен іске өкініштің нышаны да байқалмайды. Ол адвокатымен қайта-қайта күбірлесіп, тым көңілді отырды. Тіпті судьяның сұрағына да мысқылмен жауап қайтарды. 

- Қазақстанда тұрғылықты жеріңіз бар ма? 

- Болған.   

- Бар ма, жоқ па? 

- Қазір Сизо-27 

Айыпталушылардың ешқайсысы түрін көрсеткісі жоқ. Сондықтан соттан өзін камераға түсірмеуді сұрады. Жалпы, айыпталушылар арасында кезінде атағы дүркіреген банктің топ-менеджерлері бар. Мәселен, «RBK Ban-тің» экс-басшылары Марпу Жақұбаева мен Игорь Мажинов, орынбасары Тимур Шәріпов, DSFK басқармасының экс-төрағасы Мәди Мәмбетов, «Qazaq banki-нің» экс-акционері Бақыт Ибрагим, сондай-ақ, Жомарт Ертаевтың сенімді серігі болған Татьяна Пак пен Айдос Құсайынов та сот алдында жауап беріп жатыр. 

Еске сала кетейік, «RBKBank» Директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевқа қызметін пайдаланып, 2011-2017 жыл аралығында банктен 144 миллиард теңге жымқырды деген айып тағылып отыр. Бұл тірлігін атқаруға Ертаевқа «елуден астам сыбайласы көмектескен» дейді тергеушілер. Қашқын банкирді өткен жылы Интерпол қызметкерлері Мәскеуде ұстаған болатын. Ал биыл ол наурыз айында елге экстрадицияланды. Алдын ала тыңдауда жәбірленуші ретінде «RBKBank-тің» өкілдері келген. Бірақ олар сұхбат беруден бас тартты. 

Жомарт Ертаевтың адвокаты судьядан оның анасының мүлкіне қойылған шектеуді алып тастауды сұрады. Бірақ сот бұл шағымды қанағаттандырған жоқ. 

Жалпы, банкирлерге тағылған айыпты үш прокурор кезекпен оқитын болады. Ал айыпталушыларды 30 адвокат қорғамақшы. Сондықтан сот әлі бірнеше айға созылуы бек мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы