Қызылордада «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған ана мен бала орталығы жабық тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
200 орынға шақталған медициналық нысан онсызда 5 жылға кешіктіріліп пайдалануға берілген еді. 2014 жылы ғана іске қосылған перинитальды орталықта санэпид мамандарының ескертуімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылына 20 мыңдай нәресте дүниеге келетін 4 қабатты ғимараттың босану және операция бөлмелері талапқа сай емес болып шықты. Отбасын құруды жоспарлау, түсік қаупінің алдын алу бойынша кеңес беру мен диагностикалық емханасы бар орталықтың 600-дей дәрігері болса, қазір қосымша корпустарда қызметін атқарып жүр.
Нұрлан Мәліков, Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Ағымдағы жөндеу жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанға дейін аяқталады. Қазіргі таңда перинитальды орталықта ем қабылдап жатқан науқастар облыстық көпбейінді ауруханасында және перинитальды орталықтың екінші корпусында ем қабылдап жатыр.