Жыл басынан бері қазақстандықтарға 95 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлады ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
9-13 желтоқсан аралығында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсететін учаскелерінде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Іс-шараның 3 күні ішінде 18 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тіркелді, оның 13-і кезекші тәулікте ашылды. Сондай-ақ, бұрын жасалған 4 қылмыс ашылды. Көлік полицейлері іздеуде жүрген 8 қылмыскерді ұстады, соның ішінде ТМД елдерінің құқық қорғау органдары үшін – 3, ҚР аумақтық ПО үшін – 4 адам анықталды, – деп мәлімдеді департаменттің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.
10 желтоқсанда Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ресей Федерациясы ҚК 158-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 47 жастағы Ресей азаматын ұстады. Ол іздестіру бастамашысына берілді.
Сондай-ақ, әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 195 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 6 адам ұсталды.
Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 21 шетелдік ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 2-еуі алыс шетелден (Конго Республикасы және Германия) келген.
ЖПІШ аясында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында теміржол бойының төсеміне жақын орналасқан орта мектептерде профилактикалық дәріс сабақтары өткізілді.
Оқушыларға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің және қылмыстық кодексінің баптары түсіндірілді. Сондай-ақ, жасөспірімдерге темір жол көлігі объектілерінде жүріп-тұру ережелері баяндалды,- деп түйіндеді сөзін полиция подполковнигі.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басынан бері КПД қызметкерлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 50 041 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оларға 94 млн 969 626 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Дереккөз: BAQ.KZ