27 желтоқсанда ұшақ апатынан қайтыс болғандардың отбасына 4 млн теңге қаржы берілетіні белгілі болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзіне сенсек, қара жамылғандардың туыстарына материалдық көмек жақын арада берілмек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Үкімет ұшақ апатынан қаза тапқандардың әрқайсысына 4 миллион теңгеден төлеуге шешім қабылдады. Министрлік осы сипатта қаулы әзірледі және бүгін оған дауыс берілді. Бұл қаражат марқұмдардың отбасы мүшесінің жеке шотына аударылады, - деді Нұрымбетов Үкімет дәлізінде журналистерге айтқан сөзінде.
Оған қоса, министр ұшақ апатынан зардап шеккендердің отбасылары мен жақындары қаржылай, материалдық өтемақыны қалай алатынын жеткізді. Сондай-ақ, өтемақы төлеу туралы шешімді қала мен облыс әкімдіктері қабылдайтынын қадап айтты.
"Марқұмның туыстарына ақша төлеу жайына тоқталсақ, 27 желтоқсанда апат болды, 28-сі күні өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды, бірақ үкімет оған бүгінгі отырыста дауыс берді және бұл ақшаны бүгін Еңбек министрлігіне береді. Біз оларды қысқа мерзім ішінде жеке шоттарға аударамыз, - деп министр сөзін түйіндеді.