Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана өз-өзіне қол жұмсап өлген. 6 баланың анасы Жаңа жыл мерекесіне бірнеше күн қалғанда суицид жасаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Марқұмның мұндай қадамға баруына мемлекет тарапынан берілетін тұрғынүйдің қандай қатысы бар?
«Жақында Шымкентте әйел кісі суицид жасады. 6 сәби жүрек ана жылуынсыз көздері жәудіреп қалды. Шымкент әкімшілігі оған пәтер беруі тиіс еді, себебі ол пәтерге мұқтаждардың тізімінде тұрған. Бірақ белгісіз себептермен әкімшілік оны тұрғын үйге мұқтаждардың қатарынан шығарып тастаған. Осы жайт көпбалалы ананың өз-өзіне қолжұмсауына себеп болды", - делінген мәлімдеме facebook әлеуметтік желісінде таралды.
Осы ақпаратты тексермек болып, Шымкенттің полиция департаментінің мәліметіне сүйенгенімізде, оның 28 желтоқсанда өзін-өзі өлтіргені белгілі болды. Дегенмен де, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы қызметкері өзіне қол жұмсаған әйелдің әлі күнге дейін Шымкентте тұрғынүй кезегінде тұрғанын айтып берді.
«Ол кезекте тұр. Бірнеше күнде пәтер алуы керек болатын. Бірақ ол қайтыс болғандықтан, оның кезегін үлкен ұлының атына аудару үшін жұмыс жасап жатырмыз. Үлкен баласы кәмелеттік жасқа толған. Бұл заңмен қарастырылған. Жақын арада оның балалары баспанамен қамтамасыз етіледі", — деді жауапты маман.
Сондай-ақ, басқарма қызметкері 6 баланы марқұм болған әйелдің жалғыз өзі асырып, бағып келгені жөніндегі ақпаратты растады.