$ 494.87  520.65  4.91

«Біз Абайдың үлкен баласы Ақылбайдан тараймыз»: ұлы ақынның жиеншары елордада тұрып жатыр (ВИДЕО)

Атасының мол мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып, 15 жыл бойы Семейдегі Абай музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

Абайдың ұлы Ақылбайдан тараған жиеншары Ләйла Баймағамбетова елордада тұрады. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бейнематериалдар желісінің бірі осы Ләйла Мұхлесқызына арналады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Лəйлə Мұхлесқызы 1950 жылы 7 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын шәкірт тәрбилеуден бастап, оқу-ағарту саласында ұзақ жыл қызмет атқарыпты. Кейін атасының мол мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып, 15 жыл бойы Семейдегі Абай музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Қазір 10 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

«Біз Абайдың үлкен баласынан тараймыз. Абайдың 10 баласы болған. Оның үлкені, тұңғышы Ақылбай. Ақылбайдан – атамыз Әлімқұл. Әлімқұлдан – шешеміз Қауаш деген. Ол 1910 жылы туған, 1988 жылы дүниеден өтті. Әке жағынан мен – ертекші Баймағамбеттің шөбересімін», - дейді ол.

Ертекші Баймағамбет – «Абай жолы» романының көрнекті кейіпкерлерінің бірі. Шығармада ол Абайдың сенімді серігі ретінде суреттеледі. Абай «Баймағамбетке» деп, оның әйелінің атынан әзіл өлең де шығарған. Ал Мұхтар Әуезов Баймағамбетті өз көзімен көріп, Абай туралы естеліктерін тыңдаған. Ақылбайдың қызы Қауаш осы Баймағамбеттің немересі Мұхлеске тұрмысқа шыққан.

«Нағашы атамызды айтсақ, ол – Ақылбай. Абайдың тұңғыш баласы. 1861 жылы туған. Ол өте дарынды болған. Музыкант, домбырашы, суырыпсалма ақын. Оның «Кәрі Жүсіп», «Зұлыс», «Жаррах батыр» деген үлкен поэмалары болған. Қаншама өлеңдер шығарған», - дейді Ләйлә Баймағамбетова.

Ләйла апайдың анасы Қауаш көзі тірісінде білген-түйгенімен бөлісіп, көптеген естеліктер қалдырыпты. Кездесу барысында Ләйлә Мұхлесқызы сол естеліктердің біріне тоқталды.

«Мында анам интервью беріп жатыр. Мында атақты абайтанушы Қайым Мұхамедхановпен отыр. Анамды музей күндері жиі шақырды. Үлкен әжемізді көрген анам: «Ділдә ұзын бойлы, ақсары, толықша келген, қаршыға көз, өте сабырлы» деп жазған. Әйгерімді де көрген. «Қызыл шырайлы, әдемі, дауысы жіңішке болған» деген естеліктер қалдырған», - дейді Абай Құнанбаевтың астаналық ұрпағы.

Жалпы, Абайдың Ділдадан алты, Әйгерімнен төрт баласы болған. Бірақ, уақыт өте келе ақынның ұрпағының қатары сиреп келеді. Бүгінгі таңда Абайдың ұлы Ақылбайдан тараған жалғыз тұяқ қалды. Ол – Бағфур Әлімқұлұлының немересі Данияр Айдарұлы. Абайдың ұрпағы қазір Даниярмен тоқтап тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары