Мәжіліс депутаттары "Bek Air" компаниясынан құлаған ұшақтың жолаушыларына моралдық шығын ретінде өтемақы өндіріп алуды сұрап отыр. "Ақ жол" партиясының төменгі палатадағы фракциясы премьер-министр мен бас прокурорға осындай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Мәжілісмен Азат Перуашевтің айтуынша, Bek Air басшылығының трагедиядан кейін үкіметтік комиссияның ресми қорытындысын күтпей, ел алдында апатқа қатысты өз болжамдарын жария етуі мүлде дұрыс болмаған. Компанияның бұл мәлімдемесін қоғамдық пікір мен тергеу барысына ықпал етуге ұмтылу деп бағалауға болады.
"Адамдық және іскерлік этика тұрғысынан компания басшылығы алғашқы сәттен-ақ зардап шеккендердің жанынан табылып, шынымен көмек көрсетуі тиіс еді. Ауруханаларға түскен адамдардың хәлін сұрап, марқұмдардың отбасыларына баруы керек еді", - деді Перуашев.
Ол 13 адамның өмірі қиылып, көбі мүгедек болып қалғанын, ал олардың отбасылары асыраушысы мен үмітінен айырылғанын атап өтті.
"Құдай сақтасын, алайда бұл жағдайда кез келген жауапты компания тек заңды өтемақы ғана емес, сонымен бірге өздеріне пайда әкеліп отырған адамдарға өз еркімен қосымша қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруы тиіс еді. Халық "Bek Air" компаниясының өкілдерін ауруханалардан да, марқұмдарды жерлеу рәсімінен де көрген жоқ. Компания баспасөз арқылы тек көңіл айтты. Құдды трагедияға еш қатысы жоқ бөтен тарап секілді. Кінәні тағы да сол көз жұмған ұшқыштарға арта салатындай көрінеді. Өлгендер өз-өзін қорғай алмайды. Бұл әділдік пе сонда?", - деп ашынды мәжілісмен.
Әуе тасымалдаушы жолаушыларға трагедиядан кейін тоқтатылған рейстер үшін билет ақшасын әлі қайтармаған.
"Үкіметтік комиссияның жұмыс істеп жатқанына бір ай болса да, "Бек Эйрдің" кінәлі қызметкерлеріне қатысты да, не басқа да жауапты тұлғаларға қатысты ақпарат жоқ. Ешкім кек алуды немесе кінәсіздерді жазалауды талап етіп отырған жоқ. Бірақ, ең болмағанда, осы әуе апатынан қаза тапқан азаматтарымызға қатысты әділдік болуы тиіс", - деді депутат.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы "Bek Air" компаниясынан құлаған ұшақтың жолаушыларына моралдық шығын ретінде өтемақы өндіріп алуды сұрады. Сондай-ақ, өкілетті органдарға тоқтатылған рейстер үшін жолаушыларға билет ақшасын қайтаруды қамтамасыз етуді тапсыру керектігін, қоғамды трагедияға қатысы бар күдіктілерге қатысты шаралардан хабардар ету қажеттігін айтты.