09.02.2020, 14:40

Қордайдағы «тұрмыстық жанжалдың» салдарынан қаза болғандардың саны артты

Фото: Бауыржан Жуасбаев
Соның салдарынан медициналық қызмет көрсететін орталықтарға 137-ге жуық адам жәрдем сұрап келсе, екі полиция қызметкері жараланған.

 Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктердің салдарынан қаза болғандардың саны өсті. Сортөбе ауылында орналасқан штаб өкілдері айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы қайғылы оқиғаға жол бергендердің жауапқа тартылатынын ескерткен болатын.

«Қаза болғандардың жалпы саны 11 адам болды. Олардың екеуі бүгін түнде ауруханада көз жұмды. Тағы бір қайтыс болған адамның кім екені әлі анықталған жоқ», - деді Сортөбе ауылында орналасқан штаб өкілдері.  

Белгілі болғандай, жалпы төбелеске қатысушылардың қатарында Ауқатты, Бұлар ауылының  адамдары да бар. Ресми дереккөздеріне сүйенсек бұзақылар тәртіпсіздік кезінде металл заттары мен атыс қаруларын қолданған. Соның салдарынан медициналық қызмет көрсететін орталықтарға 137-ге жуық адам жәрдем сұрап келсе, екі полиция қызметкері жараланған. 23 көлік өртеніп, 15 сауда орталығы мен 30 шақты үй қираған.

Кеше Масаншыдағы төбелестен 8 адамның қаза болғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Айтпақшы, қоғамдық дүмпу туғызған жағдайдан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына барып, зардап шеккендермен тілдескен еді.