$ 498.34  519.72  4.85

«Алаңдауға негіз жоқ»: Түркістан облысының әкімі тұрғындарға үндеу жолдады

Тойхана, мейрамханалар жабылды, қоғамдық көліктерді де тоқтатамыз.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирус дертіне байланысты оңтүстікке кіріп-шығуды тәулік бойы қадағалау үшін ашылған арнайы жасақталған бекетте болды. Жамбыл облысынан Түлкібас ауданына кіреберістегі «Шақпақ» бекетінде орнатылған блок-пост арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Жамбыл облысынан келетін барлық автокөліктер жүріп өтеді. Күре жолдың бойында ашылған арнайы бекетте полиция мен дәрігерлер әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде. Елдегі төтенше жағдайға байланысты ашылған арнайы бекеттің жұмысын тексеріп, тұрғындармен тілдескен облыс әкімі Түркістан облысының халқына арнайы мәлімдеме жасады.

«Құрметті жерлестер, аудан тұрғындары! Күні кеше Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев халыққа үндеу жариялап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. Сырттан келген індетпен күресте әкімдікпен бірге мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар бұл іске қатысуда. Облыстағы ахуалды тұрақты сақтау үшін 18 наурыздан бастап Алматы және Қызылорда бағытындағы шекаралық аймақтардағы «Сауран» және «Шақпақ» бекеттерінде короновирус дертіне байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін блок-посттар қойылды. Екі тәулік ішінде «Шақпақ» бекеттері арқылы өткен 6000-ға жуық адам тексерілген. Блок - постта арнайы 4 тепловизор орнатылған. Шұғыл әрекет ету мақсатында 30-ден астам дәрігер, медициналық жедел-жәрдем қызметінің бригадасы да жұмылдырылып отыр.

Бұдан бөлек, теміржол, әуежай, қалааралық бекеттер мен шекараларда санитарлық жұмыстар қызу жүруде. Індетпен күрестің күнделікті жұмыс барысы облыс әкімдігінде ашылған ситуациялық орталық арқылы қалың халықты хабардар етуде. Бұл вирус – тез тарайтын вирус. Облысқа келіп жатқан азаматтар, өздерінің деректерін блок-постта қалдырып, өздері барған жердегі жергілікті әкімдікті де хабарлап отыруын міндеттейміз. Түркістан облысындағы барлық ауруханаларда коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары күшейтілді.

Емдеу мекемелері жаппай карантинге көшкен. Төтенше жағдай жарияланған сәттен, облыста провизорлық госпитальдар ашылып, 440 орын даярланды. Бұл мекемелерде қазіргі таңда карантинде 30 адам жатыр. 18 адам дәрігерлік тексеруден кейін үйлеріне шығарылды. Провизорлық госпитальдар барлық ауданда ашылатын болады. Дұрыс түсініңіздер, бізде коронавируспен ауыратын науқастар тіркелген жоқ. Дегенмен, біз елдігімізді көрсетіп, аурудың алдын алу шараларын жүзеге асыруымыз керек. Бұл індеттің тарауына тосқауыл қою үшін адамдар күнделікті жүріс-тұрысын шектеп, қоғамдық орындарға бармауы қажет.

Тойхана, мейрамханалар жабылды, қоғамдық көліктерді де тоқтатамыз. Біз осындай жұмыстар арқылы «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бұл індетті жеңіп шығуымыз керек», – деді облыс басшысы.

Елбасы өз үндеуінде қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынды. Түркістан облысында Арыстағы төтенше жағдай орын алған кезде нәтижелі жұмыс істеген «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры бар. Елбасының тапсырмасына орай, аталған қорға облыс әкімдігі, басқармалар мен оған қарасты мекемелер бүгін бір күндік жалақыларын аударады. Бастаманы қолдаған бизнес өкілдері тарапынан да қорға ақша аударылады. Төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жанынан қамқоршылық кеңесі құрылды. Қамқоршылық кеңесінің құрамына «Nur Otan» партиясы, кәсіпкерлер, ардагерлер кеңесінің өкілдері кіреді. Бұл қор облыстағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттар бөледі. Қажетті заттарды таратуға еріктілер, «Жас Отан» жастар қанаты белсеніп отыр.

«Алаңдауға негіз жоқ. Түркістан облысының аумағында коронавирус тіркелген жоқ. Сақтық шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр. Азық-түлік қоры жеткілікті, бағаларды негізсіз өсіруге жол бермейміз. Құрметті жерлестер! Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтеміз деп сенемін! Қазіргі таңда бізге тыныштық керек, жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпарат пен бұқаралық ақпарат құралдарына ғана сеніңіздер. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Біз біргеміз!», - деп түйіндеді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданындағы темір жол вокзалындағы қолға алынған сақтық шараларын пысықтады. Жауапты сала мамандарының жұмылдыруымен шойын жол бекеттерінде жер жаһанда үрей тудырған қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін арнайы тексеру орны жасақталған. Екі тәулік 16 поезд жүріп өтіп, 200-ден астам жолаушы тексерілген. Барлығы дін аман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары