$ 498.51  522.84  4.81

Қазақстанның түрмелері бетперде тігуді қолға алды

24 мың масканың бірінші партиясы бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарға, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлеріне берілетін болады.

Қазақстан колонияларында қорғаныс маскалары тігіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ жедел штабының отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев медициналық қызметкерлермен бірге карантиндік іс-шараларға қатысатын полиция қызметкерлерін жеке тыныс алу жолдарын қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. ІІМ басшысы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік базасын пайдалану қажеттігін атап өтті.

Осы жұмыс шеңберінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетенің "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорны қорғау бұйымдарының үлгілерін дайындады, оларды дайындауға белгіленген тәртіппен тиісті сертификат алынды. Стандартқа сәйкес, бұйым материалы гипоаллергенді болып табылады, шаңнан қорғау қасиеттеріне ие және инфекциялық аурулардың тәуекелдерін азайтады.

"Қазір барлық жеке құрам ерекше жұмыс режимінде жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлермен тығыз қарым-қатынаста карантиндік іс-шараларға қатысады. Күн сайын жасаққа 12 мың полицей және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері түседі және олардың әрқайсысының денсаулығы біз үшін маңызды. Мен түзеу мекемелерінің тігін цехтарында басқа өнімдермен қатар қорғаныс маскаларын дайындауды тапсырдым. Бұл бір жағынан, осындай бұйымдарға деген сұранысты қамтамасыз етеді, екіншіден, біз сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етеміз, мұның да маңызы бар", – деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік алаңдарында мыңнан астам тігін станоктары жұмыс істейді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері пайдаланатын бір реттік, сонымен бірге көп рет қолданылатын қорғаныш маскаларын тігу жолға қойылды.

"Жақын арада біз барлық жеке құрамның қажеттілігін қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар сотталғандарды еңбекпен және еңбекақымен қамтамасыз етеміз, мұның да қазіргі уақытта маңызы бар", – деп атап өтті ІІМ басшысы. 

24 мың масканың бірінші партиясы бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарға, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлеріне берілетін болады. Жалпы ел бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 50 мың масканы құрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары