Жаңалықтар 18.03.2020 сағат 18:45

«Абай-175»: Кеңес ауылында рухани кеш өтті

Оқушылардың Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін арттырып, өмір жолын үлгі етуге үндеді.
«Абай-175»: Кеңес ауылында рухани кеш өтті
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жаңақорған ауданы, Кеңес ауылындағы Төлепберген Әбдірашев атындағы N239 жалпы орта мектебінің ұжымы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Абай лебі-заманның тынысы, Абай үлгі-ғасырлардың өрісі» атты сахналық қойылым қоюды жөн көріпті, деп хабарлайды Sn.kz.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы желісімен қойылған көріністе қазақтың дара тұлғасы Абайдың өмірін, шығармашылығын, өнер-білім туралы өсиеттерін насихаттады. Оқушылардың Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін арттырып, өмір жолын үлгі етуге үндеді.

Шара Кеңес ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Олжас Ормахановтың орындауында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен өрбіді. Сахнаның төрі қазақы салт-дәстүрге сай, ұлттық нақышта безендіріліп, көрерменге өткен ғасырдың лебін сыйлады. Көпшілік күткен қойылым Абайдың шыр етіп дүниеге келуімен басталды. Оқиға желісінде Абайдың есеюі, бала Абайдан дана Абайға дейінгі аралықтағы түрлі тарихи тағдыр көз алдымызда жылжып жатты. Сол дәуірдегі қазақтың тұрмыс-тіршілігі, қоғамның алмағайып кезеңі бүкпесіз көрсетілді. Қазақ тіршілігін Абайдың өмірімен ұштастырған көріністе Абайдың әкесі Құнанбайдың, әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның, жары Шүкімән образын аша түсті. Оқиғаның тарихи құндылығы жүйелі жұмыс пен тыңғылықты дайындықтан білініп тұрды.

«Қамшының сабындай ғана ғұмырында ұрпағына өшпес із қалдырған Абайды мәңгі есте сақтаймыз. Өйткені, Абайдың әрбір сөздерінен ғибрат аламыз. Оның сөздері мен өсиеті кез-келгеніміздің өмірімізге бағыт-бағдар береді, жанымызға ақыл қосады. Сондықтан да, біз Абайды жадымыздан шығармауымыз керек», – деді мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зияда Жолтаева.

Шара соңында мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Майра Тұрғанбаева асыл сөздер мен өнеге өсиеттің иесі ақын Абайды үлгі тұтып, оқушыларды жаман әдеттерден аулақ болып, нағыз адам болуға үн қосты. Сонымен қатар, қойылымда өнер көрсеткен оқушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мектептің «Алғыс хатын» табыстады.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар