Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданында екі ауылды су басуына байланысты халықты үрейленбеуге шақырды. Қазіргі таңда төтенше жағдай бойынша жасалып жатқан шаралар жайлы айтып, көпшілікке видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мақтаарал ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасты. Қазір ғана Өзбекстан Республикасының су шаруашылығының министрлігі Хамраев мырзамен хабарластым. Ол кісінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, қазір судың қоймадан шығуы тоқтатылды. Бірақ кеше каналдан түнімен су ақты. Соның кесірінен біздің тиісті қызметкерлер 4 елдімекеннен 5400 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Ол кісілердің біразы өздерінің көліктерімен, туған-туыстарының қасына жайғастырылды. Қалғандары Атакент елдімекеніндегі мектептерге жайғастырылып жатыр. Оларға тиісті медициналық көмек беріліп, барлық қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Су басқан өңірдің барлығын қайтадан аралап, тексеріп шығамыз.
Су басу қаупі сейілсе, халқы көшірілген үйлерді күзетке аламыз. Олардың мал-мүлкін полиция қорғайды. Су деңгейі әлі де көтерілсе, Нұрлыжол, Фердауси, Жантақсай, Жайлыбаев елдімекендерінің халқын эвакуациялаймыз.
Тұрғындарға айтатыным, дүрлігіп, үрейленудің, кез келген көлікке мініп, жолға шығудың қажеті жоқ. Бәрі ұйымдасқан түрде реттеледі. Бізде Арыстағы оқиғадан кейін үлкен тәжірибе бар. Сол тәжірибе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды реттеуге облыстың түгел мүмкіншілігі бар», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Тағы оқи отырыңыз: Президент Мамин мен Шөкеевке шұғыл тапсырма берді
Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында орналасқан "Сардоба" су қоймасының дамбасының бұзылуына байланысты 2020 жылдың 1-мамыр күні сағат 16:00 шамасында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекендерде орналасқан коллекторларға су толған.