$ 449.58  486.94  4.86

Елорда тұрғындары «Гарант 24 Ломбардтан» 3 миллиард теңгеге алданды

Нұр-Сұлтан полиция департаменті ірі қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр.
Фото: instagram/garant_24
Фото: instagram/garant_24

Биыл алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтанда 1161 алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл 1278 жәбірленуші мен 2 миллиард 864 миллион теңге шығын. Ал былтыр осы уақытта 1504 дерек болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz  елорда Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Нұр-Сұлтан полиция департаменті "ESTATE Ломбард" ЖШС (236 жәбірленуші, шығын сомасы 682 миллион теңгеден астам), "Выгодный займ" ЖШС (159 жәбірленуші, шығын сомасы 90 миллион теңгеден астам), "Гарант 24 Ломбард" ЖШС (891 жәбірленуші, шығын сомасы 3 миллиард 155 миллион теңге) сынды ірі қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр. 

Сондай-ақ, WahtsApp мессенджерінде құрылған "Реальные доходы-1" және "Реальные доходы-2" қаржы пирамидалары бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол бойынша 100 миллион теңгеден астам сомаға шығынға батқан 74 жәбірленуші анықталды.

Елорда полицейлері соңғы уақытта Интернетте алаяқтықтар көбейіп кеткенін хабарлады. 1161 деректің 490-ы - Интернеттегі алаяқтыққа байланысты қылмыстар.

"Бұл ең алдымен, әрине, технологияның дамуына, тауарлар мен қызметтерге, оның ішінде интернет-дүкендерде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандарының ұлғаюымен байланысты. Кейде интернет-дүкендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес, өйткені олар әлемнің кез келген елінде виртуалды түрде тіркелуі мүмкін, олардың заңды және IP мекен-жайларын да табу мүмкін емес. Адал жұмыс істейтін интернет-дүкендер алдымен өз тауарын ұсынады, содан кейін төлем алынады", - дейді баспасөз қызметіндегілер. 

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында күш салмай-ақ үлкен табысқа кенелу мүмкін деген хабарландырулар мен жарнамалар көбейіп барады, осылайша адамдар қаржы пирамидаларына тап болады. 

Қаржы (инвестициялық) пирамидасы - тұрақты ақша тарту есебінен қатысушылардың табысын қамтамасыз ету тәсілі. Пирамиданың бірінші қатысушыларының табысы кейінгі қатысушылардың салымдары есебінен төленеді. Қаржы пирамидасын құру және басқару ҚР ҚК 217-бабында жазылған, санкция бес жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары