Жаңалықтар 19.07.2020 сағат 12:46

Абай шығармаларын зерттеу үшін білім керек

Бұған дейін 1995 жылы толық жинағы шығарылды. Бірақ, сол жинақтың өзіне Абайдың кейбір өлеңдері мен ғылыми қауымға таныс кейбір еңбектері және эпистолярлық жанрдағы дүниелері енбеген.
Абай шығармаларын зерттеу үшін білім керек
Фото: liter.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Абай әлемін зерттеп-зерделеу қашанда қазақ ғалымдарының назарында. Өйткені, Абайдың шығармашылығына терең бойлаған сайын оның құндылығының арта түсетіні сөзсіз. Абай мұрасына бағалы жәдігер ретінде қарап, ұлықтап жүрген Сырдың филолог-ғалымы, ақын, түркітанушы Серікбай Қосановтың «Ақмешіт апталығы» газетіне берген сұхбатында көкейге түйіп аларлық дүние көп. Осы орайда ғалым пікірінен үзінді келтіруді жөн көрдік. 

Абайды зерттей бастаған сәт

Әдебиет институтына барғанымда алғаш Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы көшірген 1910 жылғы қолжазба жинағы қолыма түсті. Сол кезден бастап Абай өлеңдері мен қара сөздерінің текстологиясына қызығушылығым оянды. Алғаш ақынның ең көлемді 38-қара сөзіне талдау жасауға талпыныс жасадым. Зерттеу мақалам 2000 жылдың 14 қаңтар күні «Қазақ әдебиеті» газетінің айқара бетінде «Кітап тасдиқ» және оның текстологиясы немесе абайтанушылар неден қателесті» деген атаумен жарияланды. Бір тәуірі, қоғамда, зиялы қауым ортасында едәуір резонанс тудырып, ғалымдар тарапынан оң пікірге ие болды. Алғашқы Абай мұраларымен ғылыми тұрғыда шұғылдануым осы кезден басталды.

Абай шығармаларына толық текстологиялық талдау бола қойған жоқ

Бүгінге дейін Абай шығармаларына толық текстологиялық талдау бола қойған жоқ. Ол оңай дүние емес. Көп тер төгу мен шұқшия еңбектенуді қажетсінетін күрделі жұмыс. Абай шығармаларының текстологиясын зерттейтін ғалымға шығыс тілдерін жетік меңгеруі, қолжазба оқудағы тәжірибесіне қоса, шығарманың көркемдік деңгейіне ой жүгіртетіндей ақындық қабілеті болуы шарт. Осы білім-білік толық бойында бар адам ғана бұл міндетті абыройлы атқара алады. Текстология – қазақ әдебиеттануындағы кенжелеу дамыған сала. Бұған дейін Абай шығармаларының мәтіндерін зерттеу бағытында Қайым Мұхаметханов, Ханғали Сүйіншалиев секілді санаулы ғалымдар хал-қадерінше еңбек етті. Алайда, ол уақытта ғылымның даму деңгейі әлі де төмен болатын әрі ғалымдардың қолында ақын қолжазбаларының барлық нұсқалары түгелдене қойған жоқ. Бір жақсысы, қазір Абайға қатысты қолжазбаның бәрі дерлік жинақталған, іздеген ғалымға олардың электронды нұсқалары қолжетімді. Яғни, зерттеймін деген талапкерлерге барлық мүмкіндік бар. Шынымен ниеттеніп қолға алған зерттеуші 2-3 жылда өнімді нәтижеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, баспа көрмеген, Абайға қатысты әңгіме-аңыздар да көп. Барлығын жинақтап академиялық жинақ шығарса, ақын мұрасын мұрасын толықтыруға деген игі қадам болары сөзсіз. Бұған дейін 1995 жылы толық жинағы шығарылды. Бірақ, сол жинақтың өзіне Абайдың кейбір өлеңдері мен ғылыми қауымға таныс кейбір еңбектері және эпистолярлық жанрдағы дүниелері енбеген.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар