Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументінің авторы Ақмырза Рүстембеков қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"2020 жылы 29 шілдеде Алматыда Қазақстан архитекторлар одағының президенті Рүстембеков Ақмұрза Исаұлы мезгілсіз дүниеден озды", - делінген "Алматыбасжоспар" ғылыми-зерттеу институтының Facebook желісіндегі хабарламасында.
Ақмұрза Рүстембеков 1956 жылы 15 ақпанда Ақмола облысы, Қорғалжын кентінде туған. Сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының президенті. Қазақстан Республикасының Құрметті Құрылысшысы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). ТМД Халықаралық сәулетшілер одағының вице-президенті әрі академигі.
Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген. Халықаралық архитектура академиясының және Халықаралық Шығыс елдері архитектура академиясының толық мүшесі. ҚР БАҚ-та және ТМД журналдарында басылып шығарылған архитектура және қала құрылысы туралы 25-тен аса жарияланым мен мақала авторы. "Мұнара түріндегі ғимарат" авторлық куәлігі бар (2003).
1980 жылдан - "Гипровуз" ВГПИ Алматы филиалында сәулетші, аға сәулетші, топ жетекшісі, жобалардың бас сәулетшісі, филиал директорының орынбасары. 1990 жылдан - шығармашылық-өндірістік шеберханасының жетекшісі. 1996 жылдан - ҚР Сәулетшілер одағының вице-президенті, 2000 жылдан бері - президенті. 2001-2003 жылдары Халықаралық ТМД Сәулетшілер одақтары ассоциациясының вице-президенті болған.