$ 498.34  519.72  4.85

«KazAID»: Қазақстан кедей елдерге көмектесу агенттігінің жұмысын бастау үшін Үкіметтен 138 млн теңге сұрайды

Агенттікте әзірге 15 қызметкер жұмыс істемек. Көбі Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, тілдік дайындығы, халықаралық бизнесте тәжірибесі бар мамандар.

Рәпіл Жошыбаев алдағы уақытта ірі жобаларға тағы ақша керек болса, Үкіметтен сұрауға тура келетінін жеткізді. Бұл туралы бүгін ҚР  Сыртқы істер министрлігінде арнайы брифинг ұйымдастырылып, жақында құрылатын «KazAID халықаралық даму агенттігі» деп аталатын кедей елдерге көмектесу ұйымының жұмысы туралы түсіндіріліп, жұртшылық сынына жауап берілді, деп хабарлайды Azattyq-ruhy.kz.

Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев мұндай көмек жөніндегі ресми ұйымдар тек ірі мемлекеттерде емес, Еуропаның Словакия секілді шағын елдерінде де белсенді жұмыс істейтінін алға тартты. Бұл имидж үшін ғана емес, басқа елдер халқының Қазақстанды жылы қабылдауы үшін жасалатынын айтты.

«Бұл көмек өзге елдер жұртына көрсетілгенде оны алған адам оның атаулы көмек екенін, әкімдіктің немесе Үкіметтің емес, Қазақстан халқының беріп жатқан жәрдемі екенін түсінгені маңызды. Бұл да агенттіктің құрылуының бір себебі. Біз көмекті нақты адамдарға жеткізуіміз керек», - деді ол.

KazAID агенттігі коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде ашылады. Оның алғашқы жарғылық капиталы ретінде мемлекеттік бюджеттен алғашқы 1 жылға 138 млн теңге алынады. СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев алдағы уақытта да ірі жобаларға тағы ақша керек болса, Үкіметтен сұрауға тура келетінін жеткізді.

«Бұл коммерциялық агенттік емес, пайда табу мақсатын көздемейді. Заң бойынша акционерлік қоғам құруға 138 млн теңге керек. Өзімізде де жарғылық капиталға қосатын жылжымайтын мүліктер бар. Агенттікте әзірге 15 қызметкер жұмыс істемек. Көбі Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, тілдік дайындығы, халықаралық бизнесте тәжірибесі бар мамандар. Кейін 25 адамға көбейтеміз. Бастама ретінде жаңағы қаржыны пайдаланып біздің диаспора тұратын Орталық Азия елдерінде әріптестерімізбен бірлесе әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобаны жүзеге асырамыз. Ол – біздің тіліміздің өрісін кеңейту, тарату бағытындағы және медицина саласында студенттерді дайындау жұмыстары.Ары қарай тағы үлкен жобаларға қаржы керек болса Парламентке, Үкіметке ұсыныс жасап талқылаймыз. Мысалы, көрші бір мемлекетке мектеп, аурухана сияқты нысандар салу қажет болса, әрине, оны ақылдасып шешеміз», - деді елші. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Үкімет #ақша