$ 444.22  476.38  4.82

Павлодар облысы цифрландыру көрсеткіші бойынша көштің соңында тұр

«Өкініштісі сол, тәжірибелі мамандар шетелге кетіп қалады. Себебі, еліміздегі мамандардың жалақысы тым аз. Шетелдік әріптестердің айлығымен салыстыруға болмайды», - дейді IT-компания директоры.
фото: anews.com
фото: anews.com

Үш жыл бұрын дәл осы өңірдің IT-мамандары өзге аймақтарға үлгі еді. Сол уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық шаруашылық салаларында бірнеше жоба жүзеге асқаны белгілі. Бірақ, «Смарт Павлодар» және «Ақылды үй» бағдарламалары қаржы болмай, тоқтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Жергілікті IT-қауымдастық өкілдерінің ендігі үміті Жолдауда. Себебі, мемлекет басшысы өнеркәсіп пен IT-саланың арасын жақындатып, тиімді серіктестік орнатуды тапсырған болатын.

Сергей Голышев жетекшілік ететін компанияның нарықтағы тәжірибесі – 12 жыл. Осы уақыт аралығында қарапайым мобильді қосымшалардан бастап, адам өмірін оңтайландыратын бағдарламаларды әзірледі. Солардың бірі – «Смарт Павлодар» және «Ақылды қала». IT-маманның айтуынша, мемлекеттік органдар мен IT-қауымдастық арасында байланыс орнату қиын. Бар мәселе осында.

«Мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп нысандары цифрландыру бойынша туындаған мәселелерін ашық айту керек. Біз өз тарапымыздан тиімді шешім қабылдап, көмегімізді аямаймыз. IT-қауымдастық ұсынысын айтып, халықтың тұрмысын оңтайландыратын жобаларын жасайды», - дейді IT-компания директоры Сергей Голышев.

Бұл ретте, «Цифрлық технологияларда даму жоқ» деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Салада талпыныс бар. Мәселен, павлодарлық ғалымдар мұнай өңдеу үрдісін математикалық модельдеуді енгізбек. Бұл – аймақтағы жетекші жоғары оқу орнының мамандары әзірлеген бірегей жоба. Бағдарлама өндірістік үрдістерді қашықтықтан бақылап, болжам жасауға мүмкіндік туғызады. Алдағы уақытта бағдарлама сынақ жүзінде енгізілмек.

«Біздің жоба энергия тиімділігін арттырып, қуат көзін үнемдеуге бағытталған. Сонымен қатар, мұнайды қайта өңдеу тереңдігін арттыруды көздейді. Отандық мұнай өндірісі осы бағытқа бой алуы тиіс. Бүгінде Еуропа елдерінде мұнайды қайта өңдеу тереңдігі 99%-ға жетеді. Біз бұл үрдістерге ғылыми-техникалық қолдау көрсетеміз», - дейді химия ғылымдарының кандидаты Ғайни Сейтенова.

Бүгінде отандық мұнай өңдеу саласында осы сынды ғылыми жоба жүзеге асырылмаған. Ал ірі өндіріс ошақтары көбінесе шетелдік мамандарға басымдық беруде.

«Кәсіпорындар шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Сәйкесінше, олардың өз бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі болады. Сондықтан отандық мамандар қажет болмай қалады. Десе де, IT-саланы дамытуға мүмкіндік көп. Мәселен, облыста инновацияларды енгізу жөніндегі ғылыми-техникалық орталық бар», - дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мейір Алпысов.

Павлодар мемлекеттік университетінде IT-кластер құрылған. Бүгінде мамандар цифрлық технология өндірушілерімен бәсекелесе алады. Мәселен, университет түлегі Әл-Фараби Ұзақ пандемия басталған кезде қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сервис әзірлеген. Осылайша, білім беру үрдісі тоқтамай, өз деңгейінде жалғасты. Бағдарламаларды сырттан сатып алу қажет болмады.

«Бизнес үрдістердің сараптамаларын бақылау жүйесін іске қоспақпыз. Студенттердің жетістіктерін сараптайтын өнім де әзірленді. Бұл сервистің көмегімен студенттердің стартап-жобаларына инвесторларды тартуды көздейміз. IT-мамандарды жұмылдырып, цифрлық мемлекет құруға атсалысамыз», - дейді IT-маман Әл-Фараби Ұзақ.

Сарапшылардың айтуынша, отандық IT-саласы шетелдік әріптестерінен артып түспесе, кем емес. Қолдау мен түсіністік болса жетіп жатыр. Мамандар да бар.

«Тағы бір мәселе, бәсекеге қабілетті маманның еңбегін бағалау, жақсы жалақымен қамтамасыз ету керек. Өкініштісі сол, тәжірибелі мамандар шетелге кетіп қалады. Себебі, еліміздегі мамандардың жалақысы тым аз. Шетелдік әріптестердің айлығымен салыстыруға болмайды», - дейді Сергей Голышев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары