$ 448.15  483.46  4.86

Атыраулық кәсіпкерлер той өткізуге рұқсат сұрап отыр

Тойхана иелерімен кездескен облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, қазір көптеген елде коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Атырауда бірқатар кәсіпкер той өткізуге рұқсат сұрады, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кәсіпкерлер біріншіден, санитарлық талаптарды сақтай отырып, 50 адамға дейін қатысатын той жасауға рұқсат беруді сұрайды. Екіншіден, тойхананың коммуналдық төлемін төлеуге әкімдіктің көмек көрсеткенін қалайды.

Тойхана иелерімен кездескен облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, қазір көптеген елде коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Ал мемлекет пен облыстық әкімдік тарапынан отандық бизнесті қолдауға көңіл бөлінуде. Алайда, әр азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды екенін ұмытпау керек. Қауіпті індеттің қатері ескеріліп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін біртіндеп жеңілдету шаралары қолға алынуда. Тойханалар мен банкет залдарына 50 адамға дейін қатысатын шараларды өткізуге рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев атап өткендей, қауіпті індетті жұқтыру дерегі әлі де тіркеліп жатқанда адамдар шоғырланатын мұндай той-томалақ өткізудің қаупі басым болады.

«Кездесуде айтылған мәселенің бәрін хаттамаға түсірдік. Соған сәйкес, мәселені оң шешу жолдарын қарастырамыз. Әрине, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұрын тойхана иелері ғимараттың жарығына төлем төлеп отырса, енді жылыту маусымы басталды. Олар төлемдері көбейгенін айтады. Сондықтан, олардың ұсынысын ескеріп, карантин кезіндегі талаптарды сақтай отырып, екі жаққа да тиімді тұсын қарастыратын боламыз», - деді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абдуахит Әбішев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары