$ 494.87  520.65  4.91

Нұр-Сұлтанда тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, ит баулу өнері дамытылатын болды

«Ол үшін біз алдымен мемлекеттік бағдарламаны бекітеміз. Ол бағдарламада тазы мен төбетті сақтау, қорғау, дамыту және ұлттық бренд ретінде насихаттауға қатыстының барлығы қамтылады», - деді Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.

Қазақстанда тазы мен төбеттерді сақтау, қорғау және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, иттерді баптап-баулу өнері ресми танылмақ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

«Қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі болып табылатын тазы мен төбетті сақтау және оларды насихаттау мақсатында министрдің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында осы сала мамандары, ит баулушылар және басқа да құзыретті орган өкілдері бар. Мақсат – тазы, төбет федерациясын аккредитациядан өткізу. Себебі, бүгінде атбегілік пен құсбегілік өнері аккредитациядан өтіп, ресми түрде танылған. Ендігі уақытта ит баулу өнерін ресми етіп, республикалық спорттық шаралар күнтізбесіне енгізбекпіз. «Қансонар» қоғамдық қауымдастығының дерегіне сүйенсек, бүгінде еліміз бойынша төлқұжаты бар 1 500-дей тазы және 100-ге жуық төбет бар. Ал ресми емес дерек бойынша Қазақстанда 40 мыңға жуық тазы мен төбет бар. Оның ішінде аралас тұқымдастар да кездеседі», - деді Мейрамбек Махамбетов.

Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірінде тазы мен төбет бөлімшелерін ашу жоспарлануда.

«Итбегілікті ресми түрде ұлттық спорт түрі деп танитын болсақ, демек тазы мен төбетті тіркеп, оларға төлқұжат берілуі қажет. Ол үшін біз алдымен мемлекеттік бағдарламаны бекітеміз. Ол бағдарламада тазы мен төбетті сақтау, қорғау, дамыту және ұлттық бренд ретінде насихаттауға қатыстының барлығы қамтылады. Ерекше айтып өтетін жайт, біз осы бағдарлама аясында елімізде ит төбелесін ұйымдастыруға тыйым салмақпыз», - деді Мейрамбек Махамбетов.

Сонымен, тазы мен төбет орталығы еліміздің бас қаласында ашылатын болды. Бұл туралы «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов айтты.

«Бүгінде Қазақстанда тазының таза түрі аз. Көбісінің басқа тұқыммен байланысы бар. 1958 жылы елімізде тазы ғылыми түрде зерттеліп, оның стандарты бекітілді. Енді сол стандартқа сай еліміз бойынша тазыларды тіркеп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 500-дей тіркелген тазы бар. Онда тазының атауы, қай жерден және жас мөлшері секілді барлық мәліметтер көрсетілген. Ал төбеттер аз, себебі, ол басқа ит түрімен будандастырылып, өзіндік қасиетін жоғалтып алды. Негізі біздің төбет әлемдегі салмағы 100 келіден асатын ірі 10 иттің қатарына енеді», - деді Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, елімізде тазы мен төбеттің санын көбейтіп қана қоймай, оның тұқымдық тазалығын сақтап қалу керек.

Тағы оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында 80-дегі қария әлі аң аулап жүр

«Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі және Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктермен бірлесіп, елордадағы қазақ агротехникалық университетінің жанынан тазы мен төбен орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Қаржы уақытында бөлінсе, орталықты келесі жылы ашатын боламыз. Жалпы, біз тазыны иттің басқа түрімен будандастырып, араластырмай, таза ұстауды үйренуіміз керек», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары