$ 498.34  519.72  4.85

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында маңызды мәселелер талқыланды

Құжат бір мүше мемлекеттен екіншісіне зейнетақыны экспорттау тетігін, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру мақсаттары үшін еңбекшілерді медициналық куәландыруға қатысты мәселелерді реттейді.
фото: ehonews.kz
фото: ehonews.kz

2020 жылғы 23 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің биылғы қорытынды отырысы өтті. Қазақстандық бөлімді Кеңес мүшесі ‒ ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов басқарды. 

Кеңес отырысында техникалық реттеу, дәрілік заттарды тіркеу, санитарлық шаралар, еңбек көші-қоны және кедендік-тарифтік реттеу саласындағы мәселелер қаралды. ЕЭК Кеңесі ЕАЭО еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді іске асыру үшін ЕАЭО елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы еңбекшілерге зейнетақы тағайындау және төлеу мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл тәртібін бекітті.

 Құжат бір мүше мемлекеттен екіншісіне зейнетақыны экспорттау тетігін, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру мақсаттары үшін еңбекшілерді медициналық куәландыруға қатысты мәселелерді реттейді. Жалпы, бұл азаматтардан еңбек қызметі туралы мәліметтерді растауға байланысты ауыртпалықтарды алып тастауға мүмкіндік береді. 

Кеңес мүшелері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібінің жобасын мақұлдады. Бұл тәртіп асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын уәкілетті органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің осы саладағы нормативтік-құқықтық базасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Техникалық реттеуді одан әрі жетілдіру мақсатында ЕАЭО шеңберінде «Сұйық және газ тәрізді көмірсутектерді тасымалдауға арналған магистральдық құбырларға қойылатын талаптар туралы» ЕАЭО техникалық регламенті қабылданды. 

Осы регламент сұйық және газ тәрізді көмірсутектерді тасымалдау үшін магистральдық құбырларға қолдануға және орындауға міндетті талаптарды белгілейді. Тұтастай алғанда, құжат газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары жағдайында газ, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің жұмыс істеуіне бағытталған, оны қалыптастыру 2025 жылға жоспарланған. 

ЕАЭО және ЕЭК елдері пандемия жағдайында сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдау және дамыту жөніндегі бірлескен шаралар бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда. 

Осылайша, жаппай шығарылатын өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімін жеңілдету бойынша уақытша шаралар белгіленді. Өнімді сертификаттау кезіндегі уақытша шаралар ЕАЭО елдерінде шектеулердің қолданылуы кезеңінде қашықтықтан бағалау арқылы бағалау объектісінің көрсетілген орналасқан жеріне бармай-ақ, техрегламенттердің талаптарына сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүргізуге мүмкіндік береді.

 Қабылданған шешім 12 ай бойы күшінде болады және ЕАЭО-ның ортақ нарығында өнім тапшылығына жол бермеуге және бизнес үшін пандемия салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, өнеркәсіптік жарылғыш заттарды отандық өндірушілерді қолдау үшін Кеңес мүшелері «Жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттен (КО ТР 028/2012) өнеркәсіптік жарылғыш заттарды міндетті таңбалауды енгізу туралы ережені алып тастау туралы шешім қабылдады. 

Сондай-ақ тоқыма емес материалдар мен гигиеналық бұйымдарды өндірушілерді қолдау мақсатында 1 күнтізбелік жыл мерзімге 5%-дан 0%-ға дейін жасанды вискоза талшықтарына қатысты ЕАЭО БКТ кедендік әкелу баждарының ставкалары нөлденді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары