«Қасым хан» тарихи сериалының түсірілімін ұйымдастыруы тиіс болған басшы бөлінген 30 миллион теңгені жеп қойған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тергеу дерегінше, «Қасым ханның» қаржысын жеуге Қуаныш Ахметовке екі адам көмектесіпті. Біреуі – киностудия қоймасының меңгерушісі, екіншісі – өзінің жақын бизнесмен танысы. Сериал түсіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға тендер өткізген басшысы оны өзінің танысына ұтқызған. Сөйтіп есеп-шотына 30 миллион 700 мың теңге аударады. Содан киноның ақшасын шетінен шешіп, өзара бөлісіп алған. Қылмыс алдыңғы жылы болған. Алайда сот үкімі енді шығып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақфильм өкілдері «Қасым хан» сериалына бөлінген қаржының ұрлануына қатысты пікір білдірді
Тарихи фильмнің теңгесін талан-таражға салған Қуаныш Ахметовке сот 2 жыл кесті. Кино түсіруге бөлінген ақшаны бірлесіп жеген сыбайластары одан да жеңіл жазамен құтылды. Сот екеуін 3 жылға бас бостандығын шектеп қоя берді. Ал ұрланған 30 миллионның тек 8 миллионнын қайтарылыпты. Енді жемқорлық кесірінен Мәдениет министрлігі мен «Қазақфильм» бірігіп, сонау 2018 жылы жарнамалаған «Қасым хан» сериалының түсірілімі әлі басталмаған. Соңы сотпен аяқталған «Қасым ханды» киностудия қайтадан басынан бастап түсірмекші.
«Қасым хан туралы толық метражды фильм ретінде, бұл фильмнің жұмыс атауы «Ұла дала таңы» деп аталады. Осы кезеңде сценарий жазылып жатыр. Костюмдер тігіліп, реквизиттер дайындалуда», - деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз хатшысы Бауыржан Үсенов.