Шымкентте белгісіз иістен уланып, басы айналып, лоқсыған тұрғындар ауруханаға жеткізілуде. Тіпті бір мектептің мұғалімдері мен оқушылары уланып білім ордасы онлайнға жіберілген деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарттық порталы "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Қала сыртындағы индустриалды аймақтан келіп жатқан кәріз жүйесіне өндіріс ошақтарының бірінен мұнай қалдығы төгілген деген болжам жасалуда.
Салдарынан ауаға таралған зиянды қалдықтың көлемі 10 есеге артыпты. Оқиға орнында экологтар жұмыс істеуде. Алайда тұрғындарды тұншықтырған иістің басылар түрі жоқ. Қолқаны қапқан жағымсыз иістен тұрғындар басы айналып құсып жатыр.
Сейсенбі күні түстен кейін жағымсыз иіс көшені басып қалған. Екі күннен бері амалсыз онлайнға көшкен мектеп кейін ашылғанымен, оқушылар таңертеңнен бері жүрегі айнып құлай бастаған екен. Ақыры улы иіс жайлаған мектеп қаңырап бос қалған.
"Үш оқушы, екі мұғалімнің басы айналды. Жедел жәрдем келіп, басқа да қызметкерлерге оттегімен көмек беріп жатыр. Жаңа зертханадан анализ алды. СЭС зертханасының талдауы дайын болмайынша, толық онлайнға көшуге мәжбүрміз", - дейді №37 мектептің директоры Гаухар Байбосынова.
Халыққа қызмет көрсету орталығы да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Бірнеше күн бойы тұншығып жатқан тұрғындар улы иістің көше түгілі, үйді алып кеткенін айтуда. Көпшілігі кішкентай балаларын қаланың өзге басындағы туыстарына жіберген. Мұнда жұрт жаппай жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр.
"Құсып жатыр, тұншығып жатыр. Енді қайтеміз? Түсініксіз иіс. Тіпті түсіндіре алмаймын, көмейім бітеліп тұрғандай. Таңнан бері дексиметазонның үш құтысын алдым", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Азиза Әбдірахманова.
Әуелде мамандар құбырдан газ кетіп жатыр деген болжам жасаған. Алайда тексере келе улы иістің газ құбырынан емес, кәріз жүйесінен шығып жатқаны анықталыпты. Кәріз жүйесі қала сыртындағы индустриялық аймақтан бастау алып жатыр. Аймақта ұсақты-ірілі 50-ден астам кәсіпорын бар. Индустрия аймағынан шойын жол өтеді. Мамандардың болжамы бойынша, шойын жолдағы цистерналардың бірінен, не кәсіпорыннан әлдебіреу іргедегі кәріз жүйесіне мұнай қалдығын төгіп жіберген. Бірақ нақты кім екені әлі тексерілуде.
Кәріз жүйесінде ағып жатқан сарқын судың тым майлы екені көрініп тұр. Кәріз қақпағын ашсаң, улы иіске тұншығасың. Сынама алған экологтар табиғатқа орасан зиян келіп жатқанын айтады.
"Зертхана сынамаларының нәтижесінде 0,3 болуы керек, ал 14,6 көрсетіп тұр. Зияндығы 10 есе артқан", - дейді Шымкент қаласы экология департаментінің бас маманы Мұхамеджан Тойшыбеков.
Сорақысы сол, химиялық қоспа кәріз құбырларымен қаланың нәжісін тазалайтын қондырғыға құйылып жатыр. Егер ол істен шықса, шайынды судағы улы газды тазалайтын бактериялар өліп, нағыз экологиялық апат болуы мүмкін. Жұрт шулаған жерге қала әкімі де жетті. Мұрат Әйтенов қысқа уақытта мәселе шешіледі деп сендірді.