Ақмола облысында 125 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан алдын алу шаралары қазір қарқынды жүріп жатыр. Биыл қар жылдағы орташа мөлшерден әлқайда көп. Целиноград, Астрахань аудандары және Атбасар қаласы аса қауіпті аймақтар қатарында, деп хабарлайды qazaqstan.tv.
Астрахань ауданындағы Ескі Колутон ауылына тасқыннан қатер күшті. 2017 жылы ауылды су басып, ел әбігерге түскен болатын. Биыл да қар қалың. Сондықтан тұрғындар 4 жыл бұрынғы апат қайталанады ма деп алаңдайды.
«Жыл сайын су келеді. 2017 жылы көп су келіп, 50 шақты үй суда қалған. Оның ішінде менің де үйім. Осы ақпан, наурыз айында, мінеки, көріп отырсыздар қанша қар түсті. Енді қорқынышты, алаңдаймыз», - дейді Ескі Клутон ауылының тұрғыны Күләш Омарова.
Қазір өңірде өзен арналары жаппай кеңейтіліп, су өткелдері тазаланып жатыр. Аршалы, Целиноград, Астрахань, Атбасар аудандарында жұмыс қауырт. Дегенмен 9 елді мекенде жағдай күрделі. Бейқам жатқан басшыларға қатаң ескерту берілген.
Атбасар қаласына Жабай өзені қауіп төндіріп тұр. Жағалаудағы үйлердің көбі көшірілді. Дегенмен қазіргі уақытта 90-ға жуық баспана мен 1 мектеп қауіпті қызыл аймақта. Қаланы ағын судан мына бөгет қорғайды. Алайда биыл су деңгейі бұл бөгеттен де асып кетеді ме деген қауіп бар.
Күзгі ылғал жылдағы орташа мөлшерден едәуір көп. Жердің тоңы да қалың. Атбасардағы тоңның қалыңдығы 1 метрден асады. Қарғын су қосылса Жабай өзені қапы қалдыруы мүмкін. Тасқыннан сақтану үшін алдымен Жабай өзенінің арнасын тазалау керек дегенді мамандар жылда айтып келеді, бірақ мәселе шешілмеді.