Мемлекеттік кірістер комитеті жарамсыз көліктерді мемлекеттік тіркеуден шығаруға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отардың айтуынша, сенімхат арқылы сатылған көліктің салығы тіркеуде тұрған адамның атына келе береді.
"Мысалы көлігім сенімхат арқылы сатылды дейік. Бірақ ол менің атымда тіркеліп тұр. Сонда мен салықты төлеуге міндетті боламын", - деді Отар орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал бұзылған көлік пайдаланылмаса, оны тіркеуден шығарып тастаған дұрыс. Әйтпесе салығы иесінің атына келе береді.
"Қазақстандықтардың көбісін осы мәселе мазалайды. Жарамсыз көлік ішкі істер органдарында тіркеуде тұрса, ол көлік жүрсін, жүрмесін, салығы есептеледі. Осыны ұмытпау керек. Сондықтан сіздің атыңызда жарамсыз көлік тіркеліп тұрса, оны уақытында есептен шығарып тастаған дұрыс", - деп атап көрсетті Отар.
Осы орайда комитет өкілі "E-SalyqAzamat" мобильді қосымшасының іске қосылғанын еске салды. Сол жерде көлік, жер мен мүлік салығы бойынша барлық сұраққа жауап алуға болады. Сондай-ақ осы салықтарды төлеуге мүмкіндік бар. Айта кеткен жөн, 2020 жылдың көлік салығын биыл 1 сәуірге дейін төлеу керек.