Өзбекстан президенті Ислам Каримов 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл жайында ел үкіметі мен парламентінің ресми хабарламасында айтылған деп жазады «Интерфакс».
«2016 жылдың 2 қыркүйегінде ауыр сырқаттың салдарынан мемлекеттік және саяси қайраткер, Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Әбдіғаниұлы Каримов өмірден өтті», — делінген аталған хабарламада.
Мемлекет басшысы 3 қыркүйек күні Самарқан қаласында жерленеді. Президенттің қайтыс болуына байланысты елде үш күндік қаралы күн жарияланған.
Өзбекстан конституциясына сәйкес, президенттің міндетін уақытша парламент жоғары палатасының спикері атқаратын болады. Қазір бұл қызметте Нигматулла Юлдашев отыр.
Естеріңізге салайық, Ислам Каримов 27 тамыз күні инсульт алған соң ауруханаға жатқызылған болатын. 29 тамызда жергілікті БАҚ өкілдері президенттің қайтыс болғанын мәлімдеді. Алайда, ресми билік бұл ақпаратты жоққа шығарып, тек бүгін ғана қаралы хабарды растады.
Ислам Каримов президент "тағында" Өзбекстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері отырды.