Тәжікстанның арнайы жасағын бұған дейін басқарып, Сирияға соғысқа аттанған полковник Гулмурод Халимов «Ислам мемлекетінің» соғыс министрі болып тағайындалды. Ол лаңкестік ұйым қатарында әл-Таджики деген лақап атпен танымал. Ұйымның бұған дейінгі соғыс министрі Әбу Омар аш-Шишани қарулы қақтығыстардың бірінде қаза тапқан болатын. Бұл туралы IRNA агенттігіне Ирактың Найнава провинциясындағы сенімді дереккөздер мәлімдеген.
«Тәжік Гулмурод Халимов ДАИШ сапында әскери қолбасшы болып тағайындалды. Бұл туралы ресми хабарланған жоқ, өйткені ұйым басшылары кезекті әуе шабуылдарынан сақтануда», - делінген аталған хабарламада.
Дереккөздің хабарлауынша, ДАИШ басшыларының көпшілігі Сирияда, қалған аз бөлігі Ирактың Найнава провинциясын мекендеп келеді екен. Ирактағы осынау провинцияның содырларын екінші және үшінші дәрежелі тұлғалар басқарады. Олар әскери шабуылдардың құрбаны болмас үшін үнемі жасырын өмір сүреді, көпшілік бар жерге бара бермейді», — делінген агенттік таратқан материалда.
Айта кетейік, 2015 жылдың мамыр айында Сирияға қашып кеткен тәжік полковнигі бейнеуүндеу арқылы Тәжікстан билігіне сес көрсеткен болатын. Ол сақал қоюға және әйелдерге хиджап киюге рұқсат берілмейтін отанына оралғысы келмейтінін де айтты.