$ 494.87  520.65  4.91

Сарбаздар жағдайы: қолданылған іш киім киюге мәжбүр

Нұр-Сұлтандағы 5573 әскери бөліміндегі сарбаздар 12-жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының 3-ші сыныпты сержанты Смағұлов Дарханға наразы.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Мерзімді әскери қызметкерлер өздерінің шағымын демалыс күні әлеуметтік желіде жариялаған. Олар 12-жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының 3-ші сыныпты сержанты Смағұлов Дарханға наразы.

– 12-жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының 3-ші сыныпты сержанты Смағұлов Дархан Темірханұлына шағымданғымыз келеді. Ол біздің ротаға жақында ауысты, бірақ біз бұл адамнан шаршап үлгердік! Ол сарбаздарға өте жаман әсер етеді, адамды моральдық және психологиялық тұрғыдан «өлтіреді», адамдарға тіл тигізіп, кейбір жануарлармен салыстырады. Бізден бастап ата-анамызға дейін дөрекі сөйлеп, тіл тигізеді. Біздің ротадағы кейбір солдаттардың әрі қарай борышын өтеуге қазірден құлқы жоғалды, – делінген үндеуде.

Олардың айтуынша Смағұлов сарбаздарды үнемі қорлайды. Жарғыдан тыс бұйрық беріп, арасында қол жұмсап тұрады. Сондай-ақ, үндеуде оларға қолданылған киім бергендігі айтылған.

– Әр сарбазға екі дана жаңа іш киім мен футболка бөлінеді, бірақ біз оларды әлі көрмедік. Біз бұрынғылардан қалған ескі іш киім мен футболкаларды киеміз, кейбіреулері жыртылған, барлық бояуы жуылып кеткен, ал ПКҚ (патрульдік-күзет қызметі) қызметтік нысандарына берілген киімдер осыдан үш-бес жыл бұрын борышын өтеп кеткендердікі, – делінген.

Шағыммен Ұлттық гвардия танысып, тексеру жұмыстарын қолға алды.

– Аталған факті бойынша әскери бөлім командирі қызметтік тергеу тағайындады, оның шеңберінде 5573 әскери бөлімінің әскери полиция қызметімен бірлесіп осы бөлімшенің шақыруымен әскери қызметкерлерге әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Өңделген ақпаратты талдау нәтижелері бойынша шағымда көрсетілген фактілер расталмады.

Әскери бөлімнің қолбасшылығы тарапынан Сержант Дархан Смағұлов оң бағада сипатталады. Өз мамандығы бойынша тәжірибелі әскери қызметкерлердің бірі. Ұлттық ұлан басшылығынан және 5573-әскери бөлім командирінен бірқатар көтермелеулерге ие болған. Ұлттық ұланда 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Үйленген, ұл тәрбиелеп отыр, – деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Orda.kz 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары