Жаңалықтар 14.07.2021 сағат 10:20

Қуаңшылық Атырауға жетіп, кесірінен жылқылар қырылуда

Шаруалар кең жазық даланың әр жерінде құлаған малдарының өлекселерін жинап жүр.
Қуаңшылық Атырауға жетіп, кесірінен жылқылар қырылуда
Фото: ашық дерекөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы қуаңшылық Атырауға да жетті. Қазір Исатай ауданындағы бірнеше ауылда каналдағы су тартылып, соның кесірінен жылқылар арам өліп жатыр. Шаруалар кең жазық даланың әр жерінде құлаған малдарының өлекселерін жинап жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.   

«Малым жанымның садақасы» деп отырған ауылдағылар жайылымнан жылқы мен сиырдың өлексесін жинап жүргендерін айтады. Тіпті, су іздеп қиналған мал каналдың түбіндегі шалшық судың батпағына батып, арам өліп жатыр дейді. Айтуларынша, каналдарға екі жылдан бері жарытып су келмей, биыл мүлде құрғап қалған. Тіпті қуаңшылықтан жерде шөп те жоқ.

Ал каналға жауапты «ҚазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы басшылары «су жіберу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, бірер күнде жетеді» дейді. Сөздерінше, каналдың құрғап қалуына аптап ыстық пен егін науқанының басталуы себеп. Бұл ауылдардағы каналдардың тозығы жеткенін жасырмады. Оған тек республикалық бюджеттен ғана қаржы қаралады екен. Ал Исатай ауданы әкімі су тапшылығынан малдың өліп жатқанын жасырғысы келді ме, әйтеуір ақпаратты жалған деді. 

«Су болмағандықтан малдар далада өліп жатыр деген жалған ақпарат. Жанбай ауылына аудан басшылары кеше ғана барып кетті. Аталған ауылда су деңгейі сәл төмендеу. Бірақ малға жеткілікті су бар», – дейді Исатай аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілхасимов. 

Еске салсақ, бұған дейін аймақтағы қуаңшылыққа байланысты Қызылорда облысында төтенше жағдай жариялағаны айтылған еді. Сонымен қатар, құрғақшылық Жамбыл, Маңғыстау облыстарында да байқалған еді. Ал "Қазгидромет" РМК өкілдері маусым айында еліміздің бірнеше өңірінде құрғақшылық болатынын болжап отыр.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар