Қазақстан қарулы күштері нақты құрамы әскери құпия болғанымен, түрлі дерек бойынша, оның саны 60-65 мың адам шамасында деп бағаланады, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Strategypage.com сайты деректеріне сәйкес, Қазақстан қарулы күштерінің коэффиценті 100 пайыздық жүйе бойынша тоғыз пайыз деп бағаланды. Он балдық жүйе бойынша Қазақстан әскери дәстүрлері «екі», ал басқару сапасы «бес» деген баға алған.
Ал Батыстың тағы бір институты - Global Firepower зерттеу ұйымының дерегі бойынша, әскери қуат рейтингінде Қазақстан 106 елдің ішінде 80 орынды иеленген.
Ал бұл рейтингте 21 орында тұрған Украина қару-жарағының 90 пайызы ескірген деп саналады. Украинадағы соңғы оқиғалар елдің қарулы күштерінің шығыстағы сепаратистерге қарсы тұруға қауқарсыз екенін көрсетті.
Негізінен, Қазақстан армия ұстауға қыруар ақша жұмсайды. АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) сайтының хабарлауынша, Қазақстан жыл сайын жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1,2 пайызын қорғаныс саласына бөледі.
Кейбір сарапшылар әскери бюджет көлемі жыл сайын ұлғайғанына қарамастан, Қазақстан армиясы әлі күнге дейін өткен ғасырда шыққан ескі, қазіргі заманға сай емес техникамен жарақтанған деп есептейді.