Биыл Жайық өзеніндегі су деңгейі 2 метрдей төмен түскен. Бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп, Жайық өзені мүлдем құрып кетуі мүмкін, деп хабарлайды ЭК.
Қарапайым тұрғындар да Жайық өзенінің жыл сайын таязданып жатқанын көріп жүр. Толқыны жағаға соғатын Жайықта қазір шағын аралдар пайда бола бастады. Жағасында 4 млн халық күнелтіп отқан
Жайықтың жалпы ұзындығы 2428 шақырым болса, соның 1082 шақырымы — Қазақстан аумағында.
Жайықтың экологиялық жағдайы мәз емес. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Жайықтың Ресей бөлігінде Башқұрт мыс-күкірт зауыты, Магнитогорск металлургиялық комбинаты, Ор өндірістік торабы, Медногор мыс кешені орналасқан.
Ал Батыс Қазақстан аумағында жыл сайын 1 млн 850 мың тонна зиянды қоспалар осы өзенге құйылады. Оның ішінде 1 млн 773 мың тонна хлор, 75 мың тонна органикалық заттар, 1200 тонна ауыр металл келіп түседі.
Жайық бойында 20 ірі және орта көлемді су қоймасы салынған. Оның ішіндегі ең ірі 11-і Ресей аумағында.
Өзенге сай-саладан келіп құятын шағын өзендерде 3200–ге жуық бөгет бар. Қазақстан мен Ресей арасындағы су қатынастары 2010 жылғы 7 қыркүйектегі трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім негізінде реттеледі.
Осы келісім аясында Ертіс, Есіл, Тобыл, Орал, Қараөзен, Сарыөзен мен Қиғаш трансшекаралық өзендерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі екі жақты комиссия жұмыс істейді. 2018 жылдан бастап бұл комиссия үнемі отырыс өткізіп келеді, бірақ келісімдер сөз жүзінде ғана қалады. Яғни, Ресей келісімді орындамай, суды бөгеттер мен қоймалардан толық жібермейді.
Мысалы, 2020 жылы көктемде Жайыққа келген тасқын су ұзаққа созылмай, су деңгейі нормадан 100 см төмен болды. Ресейліктердің айтуынша, 2019 және 2020 жылдар соңғы 50 жылдағы ең аз су келген мезгіл болды. Зардабын Қазақстан тартып, кейбір жерлерде аралдар пайда бола бастады.
2021 жылы су 2 метрдей төмендеп кеткен. Жайық — Каспий бассейндік инспекциясының басшылығы, су деңгейінің төмен түсуін, желмен байланыстырады.
Шекарадан су 90 секундына метр куб көлемінде келіп отыр. Бұл 2020 жылғы жағдаймен бірдей. Атырау қаласындағы Жайық өзені деңгейінің төмен түсуі желдің бағытына байланысты, - дейді ЭК тілшісіне инспекция басшысы Ғалидолда Азидуллин.
Жайықтың су дегейін көтеру мәселесінің бір шешімі ретінде билік бюджеттен жыл сайын көп ақша бөлінетін өзен түбін тереңдету жұмыстарын атайды.
2013-2017 жылдары бірінші жоба аясында 1 млрд 600 млн теңгеге өзеннің 16 арнасы тазартылды.
2017-2020 жылдары екінші жоба жүзеге асырылуда — Яицкий каналының 45 шақырымын тереңдету және ұзындығы 16 шақырым жаңа канал құрылысы салынуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ресейліктер де Жайықтың түбін тазартып жатыр. Мәселен, Орынборда 2019 жылы 520 млн рубльге (шамамен 3 млрд теңге) Жайықтың арнасы тазартылып, өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді.
"Су бастамалары орталығы" қоғамдық қорының сарапшысы Мейрам Арыстановтың айтуынша, тереңдету жұмыстарын жүргізбес бұрын егжей-тегжейлі талдау жасап, өзенді қай жерден, қашан және қалай тазарту керектігін анықтап алу керек.
Егер өзен түбін тереңдету жұмыстары дұрыс жүргізілмесе, бұл жалпы экожүйеге кері әсер етуі мүмкін. Өкінішке орай, қазір Жайық өзеніндегі жұмыстар жан-жақты зерттелмей, ғылыми негіздемесіз атқарылуда, - деді Мейрам Арыстанов.