Павлодар облысының тұрғыны бұрынғы әйелінен өш алмақ болып, ауыл мектебіне от қойған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Успенск ауданының Новопокровск ауылына ер адам әдейілеп келген. Содан кейін әйелі жұмыс істейтін мектепке барып, есікке солярка шашып тұтатқан.
Полицияға ауылдық округ әкімі хабарласты.
Әкімнің айтуынша, 2 желтоқсанда таңғы сағат 4-те белгісіз біреу мектептің кіреберіс есігін өртеген.
Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздеуге кірісті. Ол бір тәуліктен кейін табылды.
34 жастағы ер адам көрші ауылда тұратын болып шықты. Оның сөзінше, ол мас күйінде әйелі жұмыс істейтін мектепке барған. Оған кесірін тигізу үшін мектептің есігін өртеген.
Өрт салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Мектептің кіреберіс есігі ғана өртенген.
Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.