Қазақстандықтарды дүр сілкіндірген 19 жастағы Аяжан ЕДІЛОВАНЫҢ өліміне күдікті өзінің қыз зорлаған кінәсін мойындамай отыр. Бұл туралы зардап шеккен тараптың ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Алматыда жабық есік жағдайында өтіп жатқан атышулы іс бойынша екінші сот отырысында бес куәгерден жауап алынды.
Куәгерлердің кейбірі күдікті студент қызға айуандық әрекет жасағанын айтты. Олардың сөзі сарапшылардың қорытындыларымен расталды. Алайда айыпталушы тек кісі өлтіргенін мойындап, ал қызды азаптағанын мойындамай отыр.
"Ол кісі өлтіру бабы бойынша кінәсін мойындап отыр. Ал қыз зорлау бабы бойынша істеген ісін мойнына алмауда. Біз жәбірленуші тарап ретінде оның "зорлау" бабы бойынша кінәсін дәлелдеу үстіндеміз. Атап айтқанда, оның тергеуде берген айғақтары, куәлардың келтірген дәлелдері, өзара жазысқан хат-хабарлар мен аудиожазбалары және басқа да хабарламалар негізінде. Дәлелдеме ретінде сарапшылардың пікірлерін де қосамыз", — деді зардап шеккен тараптың өкілі Қадыржан Ғалымжанұлы.
Еске сала кетсек, 19 жастағы Аяжан Еділованың мәйіті осы жылдың наурыз айында Алматыдағы пәтерлердің бірінде бөлшектелген күйде табылған болатын. Қылмыскер оның басын кесіп алып, қазанда пісіргені жөнінде кісішошырлық ақпаратты ЭК жариялаған.
Қылмыс күдіктінің пәтерінде жасалған. Алматылық студент қыз өзінің болашақ жаналғышымен әлеуметтік желіде танысқан.
Полицейлер қылмыс жасалған пәтерден күдіктіні ұстамақ болғанда, қызды бөлшектеп өлтірген 27 жастағы Түркістан облысының тумасы өз-өзіне қол салмақ болған.