«EXPO-2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында ұсынылған «Әлем бейнесі» арт-жобасы Гиннестің рекордтар кітабының сертификатына ие болды. Сертификатты салтанатты тапсыру рәсімі Қазақстан павильонының сахнасында өтті», - делінген Қазинвест компаниясы таратқан ақпаратта.
«Әлем бейнесі» арт-жобасы – павильонға әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қылқалам және бояулардың көмегімен өз қолтаңбасын қалдырған Жер планетасының кенептегі түпбейнесі. Кенептің өлшемі планетамыздың кішірейтілген физикалық параметрлерінің ұзындығы мен еніне сәйкес келеді. Картинаның негізгі идеясы EXPO-2020 Dubai көрмесінің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» тақырыбымен үндеседі. Арт-жобаның мақсаты – біздің ғаламшарымызда өмір сүретін адамдарды Ұлттық павильонның аумағында орналасқан бір өнер туындысы арқылы біріктіру. Картина – бейбітшілік, бірлік, үйлесімділік және достық сияқты құндылықтардың нышаны.
Бүгінгі таңда әлемнің 193 елінен келген 1900-ден астам павильон қонақтары мен келушілері картина бетінде өздерінің «ізін» қалдырды. Олардың арасында әлемге танымал Голливуд актрисасы Бай Линг, америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, ресейлік әнші Валерия, қазақстандық кәсіби велошабандоз Александр Винокуров және басқалары бар.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.