$ 498.34  519.72  4.85

«Тоқаев бұл сапарында 30 жыл ішінде жасалып келе жатқан келісімдерге мазмұндық жағынан өзгерістер енгізіп қайтты» - сарапшы

Жұрт атом электр станциясын салу мәселесі немесе Ресей мен Беларусьтың арасындағы одақтастық сияқты құжаттар қабылданатын шығар деп қауіптенген. Ондай оқиға болған жоқ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Ресейде ресми сапары басталды. Президент Ресей басшысы Владимир Путинмен келіссөздер жүргізіп, 11 құжатқа қол қойылды, кездесуден соң ел ел басшысы бірлескен мәлімдеме жасады. Жалпы, кездесуден не күтеміз, Тоқаевтың Ресейге барудағы мақсаты не? Журналист Амангелді Құрмет пікір білдірген еді, деп хабарлайды skifnews.kz ақпараттық порталы. 

Тағы оқыңыз: Тоқаев: «Келіссөздер қызықты өтті»

«Кездесу барысында бірқатар құжатқа қол қойылды. Көбі білім саласына қатысты құжаттар екеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, атом энергетикасына қатысты да құжаттарға келісім жасалды. Жалпы, бұл екі ел арасындағы  30 жыл ішінде жасалып келе жатқан көптеген келісімдердің кезекті бір топтамасы деуге болады. Мазмұн тұрғысынан сәл өзгерген. Яғни, білім саласына ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, Қазақстан президентінің өзі «Болашақ» халықаралық бағдарламасының бағыттарын қайта қарау қажет екенін айтқан болатын. Демек, білімге қатысты меморандумдардың бәрі Ресей жоғары оқу орындарына жастар жіберу мәселесін көздейтін болса керек», - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Путин Ресей Қазақстан Президентін қолдау үшін бәрін жасайтынын айтты

Сарапшы бұл кездесуден қоғам елең ете қалатындай өте маңызды жаңалық  байқалмайтынын айтады.

«Стратегиялық әріптестер ретіндегі кездесудің қатардағы сатысы деуге болады. Бұл жерде қоғам түрлі дүниелерді күткені рас. Айталық, атом электр станциясын салу мәселесі немесе Ресей мен Беларусьтың арасындағы одақтастық сияқты құжаттар қабылданатын шығар деп қауіптенген. Ондай оқиға болған жоқ. Біз Еуразиялық экономикалық одақта және ШЫҰ, ҰҚШҰ-да онсыз да мүдделес мемлекеттер ретінде әрекет етіп келе жатырмыз. Демек, қоғамда пайда болған кейбір фобияға негіз жоқ. Өз басым, бұл кездесуден Қазақстан экономикасының барлық саласын қамтитын немесе сыртқы саясатының барлық бағытын қамтитын нәтиже күтпеймін. Нақты бағытталған ғана нәтиже бар, соның ішінде білім саласы, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық әрі қарай жалғасын табуы мүмкін», - дейді журналист. 

Амангелді Құрмет сөз арасында әскери тақырыпқа қатысты да ойын білдірді. 

«Бұл күндері Өзбекстан парламентінің төрағасы Қазақстанда болды, ол президентпен де, Парламенттің қос палатасының спикерлерімен де кездесті. Қаңтар айының алғашқы 20 күнінде Қазақстан президенті Өзбекстан президентімен үш мәрте телефонмен сөйлескен болатын. Яғни, Қазақстанның сыртқы саясатында көпвекторлық әлі де сақталып отыр. Ресей де, Өзбекстан да, Қытай да қазақстанның сыртқы саясатында ең маңызды ойыншылардың қатарында тұр дегенді білдіреді.  Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарын күрделі өзгерістердің бастауы деп бағаламау керек. Қазақстан бәрібір де өзінің дербес сыртқы саясатын жүргізеді, экономикалық шешімдер қабылдауда да мейлінше, дербес болады деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кету керек, Путин кездесу барысында Ресей Қазақстанмен әскери-техникалық ынтымақтастықты жалғастыратынын айтқан болатын. 

«ҰҚШҰ аясында одақтас мемлекет ретінде және Қарулы Күштердегі техниканың басым көпшілігі ресейлік өнімдер екенін ескере отырып, мұндай ынтымақтастық қажет деп есептеймін. Қателеспесем, Қазақ жерінде 8 млн 600 мың га полигон аумағы ресейлік әскерилерге жалға берілген. «Байқоңыр» ғарыш айлағы деген аты болғанымен де, ол әскери нысан болып саналады. Мәселе осылай болып тұрған кезде  Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастықты тоқыратып үзу тиімсіз. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында  әскери-техникалық ынтымақтастықтың алдағы 10 жылға бағытталған стратегиялық құжатқа қол қойылған. Одан бөлек, жалға берілген әскери полигондарға қатысты қосымша құжаттар да қабылдануы ықтимал. Сондықтан, Ресей президентінің Қазақстанмен әскери-техникалық ынтымақтастықты жалғастыратынын айтқанын қалыпты пікір деп білемін. Бұл екі ел арасындағы әскери байланыстың әрі қарай жалғаса беретінін көрсетеді», - дейді сарапшы.

Тағы оқыңыз: Путин Тоқаевқа: Қазақстан сіздің басшылығыңызбен гүлденіп келеді

Журналист Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі ұшақтардың барлығы дерлік, бірнеше еуропалық үлгідегі транспорттық ұшақтардан бөлек, өзге ұшақтар тұтастай КСРО кезінде шығарылған немесе Ресей өнеркәсіптерінен шыққан ұшақтар екенін жеткізді.

«СУ-25, СУ-27, СУ-30, МИГ-29, МИГ-31 және МИ тобына кіретін ұшақтар, сонымен қатар бронды техникалар, БТР-лер, БМП-лер, танкілердің дені Ресей өнімі. Артилериялық жабдықтар, өздігінен жүретін артилериялық қондырғылар, зеңбіректер, гаубицалар да КСРО кезінен келе жатқан өнімдер. Атыс қаруларының басым көпшілігі ресейлік. Мысалы, Калашников автоматтары. Оның үстіне Көкшетауда Калашников автоматтарын шығаратын зауыт ашылғалы жатыр. Осындай жағдайда біз Рес еймен әскери-техникалық ынтымақтастықты бәрібір үзе алмаймыз. Жалпы, әлем елдерінің барлығы дерлік әскери блоктар негізінде қаруланған болатын. Сол себепті қару-жарақ нарығында белгілі біл ойыншылардың тауарларына мұқтаждық байқалып тұрады. Одан бөлек, біздің әскери коммуникация сол КСРО стандартымен жасалғандықтан, ресейлік техникаға мұқтаждық бәрібір сақталады. Мұндай жағдайда әлбетте, біз Ресеймен арадағы әскери байланысты сақтап қалуға мүдделіміз. Әзірге еуропалық немесе батыс стандарты бойынша қарулану мүмкін емес»,-  дейді ол.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары