Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы тұрақты дамуға бағытталған «жасыл экономика» тұжырымдамасы 2000 жылдардың аяғында енгізілді. Содан бері бірқатар ел үшін экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі саналды. Бұл қатардан Қазақстан да шет қалған жоқ. Бүгінгі таңда басқа мемлекеттер сияқты біздің еліміз де осы бағытта біртіндеп дамып келеді, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бүгінгінің сәні ме? Сөзсіз, иә. Алайда, бұл тақырып анау айтқандай жаңалық әкелген емес. Алғаш рет экономикалық модельдерді олардың экологиялық таза пайдасына модернизациялау туралы ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында айтыла бастады. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін энергия ресурстарының бағасы айтарлықтай өсті. Бұл әлемді энергия тиімділігі, жаңа технологиялар және жаңартылатын энергия көздері туралы ойлануға мәжбүр етті.
Бірақ неге экономика «жасыл» бола бастады? Ұлттық кірістер өсіп келе жатқанда, бүкіл әлемде экологиялық тұрақтылық төмендейді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) есебі 10 жыл бұрын тірі планета индексі 1970 жылмен салыстырғанда 30% төмендегенін көрсетті. Бұл үрдіс әлі де төмендеп барады. Сонымен бірге адамзаттың экологиялық ізі, керісінше, екі есе өсті. 2030 жылға қарай қазіргі өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін адамдарға ресурс жетіспеуі мүмкін.
Сонымен таңдау қандай? Сән немесе қажеттілік? «Жасыл» экономика табиғи капиталды, экожүйелер мен биоалуантүрлілікті сақтау үшін, сонымен бірге, табыс және жұмыспен қамтудың өсуін қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл тұжырымдама тұрақты даму тұжырымдамасының бөлігі ретінде пайда болды. Тұрақты даму деп аталу себебі, ол қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру болашақ ұрпақтың мүмкіндіктеріне нұқсан келтірместен жүзеге асырылады.
Мұндай негізгі тұжырым 1987 жылы БҰҰ Қоршаған орта және даму жөніндегі комиссиясының «біздің ортақ болашағымыз» атты баяндамасында көрініс тапты. Тұрақты дамудың мәні мемлекеттік құрылымның үш компонентінің өзара байланысты және пропорционалды дамуында жатыр, яғни олар – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық.
Экономикалық өсу сөзсіз үлкен экологиялық шығындарға алып келетінін түсіне отырып, әлемнің ірі экономикалары орнықты даму тұжырымдамасын іске асыруға және «жасыл» экономиканы шын мәнінде тиімді даму моделіне айналдыруға тырысуда. Егер Қазақстан әлемнің үздік экономикаларымен бір қатарда тұрғысы келсе, оған да осы мақсатқа ұмтылу керек.
Рас, бүгінде қоғам «жасыл» экономика сөзінің мәнін әр түрлі түсінетінін мойындау керек. Кейбіреулер бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп санайды. Басқалары бұл саланы табиғатқа көмектесуге және пайда табуға арналған жаңа технологиялар, экожүйенің бір түрі деп түсінеді. Тағы біреулер экологиялық таза өнімдерді құруды мақсат тұтқан дамудың жаңа кезеңіне көшу деп санайды.
«Жасыл» экономика – бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ, түпкілікті пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика.
Бірінші кезекте, «жасыл» экономика қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған ресурстарды — пайдалы қазбаларды — мұнайды, газды үнемді тұтынуға және таусылмайтын ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған.
(Жалғасы бар)