$ 494.87  520.65  4.91

Қаңтар қырғынының артында Тоқаевтың реформаларын жоққа шығаруды мақсат тұтқан зор әкімшілік, күштік, қаржылық әлеуетке ие «ескі гвардия» өкілдері тұр

Меніңше, оның жауабы біреу - президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жоққа шығарып бұрынғы авторитарлық қалыпқа қайта оралу.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақ тарихында «Қасыретті қаңтар» деген атауға ие болып үлгерген қаралы күндердің ызғары әлі кете қойған жоқ. 225 адамның өмірін қиған қаңды оқиғаның себебі де әлі зерттеліп жатыр. Алайда уақыт өткен сайын бұл оқиғалардың артында билікке таласушы топтардың тұрғаны анық бола бастады. Басқару жүйесінің әрбір иіріміне топтасып алған көлеңкелі топтар жоқшылық қысып биліктен мәміле сұрап алаңға шыққан халықты көпе-көрнеу отқа итермелеп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Осының салдарынан жазықсыз жандар қаза тауып жүздеген отбасы қара жамылды. 

Күллі әлемнің қабырғасын қайыстырып кеткен «Қасыретті қаңтар» оқиғасының астарында мемлекеттік төңкеріс жасау пиғылы жатқанын шетелдік басылымдар мен сарапшылар да жиі айта бастаған. 

Мәселен, «Қасыретті қаңтар» оқиғасына қатысты рет жан-жақты зерттеу жүргізіп көрген германиялық DW басылымы бұл әрекеттердің төңкерістік сипаты бар екенін дәлелдейтін бірнеше факторға тоқталған:

«Біріншіден, құқық қорғау қызметкерлерінің дерегінше, күш құрылымдарына «деструктивті элементтердің арандатушылығын тоқтату, тыйю» туралы бұйрық берілмеген. Осының салдарынан сол күні қызметте болған әскери мамандар өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болған. Сонымен бірге, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының полициясы және ҰҚК департаменттерінің қызметкерлері әдетте қырағы қорғалатын нысандарды еш себепсіз тастап кеткен. Қару-жарақ арсеналы мен байланыс құралдары қараусыз қалған. Үшіншіден, осы қатарға Алматы халықаралық әуежайы да күзетсіз қалып, белгісіз біреулер стратегиялық маңызы бар нысанды шабуылдаушы топтардың емін-еркін талқандауына жағдай жасап берген. Осындай фактілерді мысал ете келе аталмыш басылым Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар таза мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген деген байлам жасаған. 

Аталмыш басылымның мұнысы енді рас еді. Көлеңкеде отырғандар халықаралық әуежайы күзетсіз қалдырып қана қойған жоқ. Дәл сол күні әуежайдың ұшу-қону жолағын жарықтан ажыратып тастаған еді. Бүгінде жарықты өшірген адам қамауда отыр. Оған терроризм актісі бойынша айып тағылып отыр.

Сол секілді Еуропарламент депутаты Максимилиан Кра да «Қаңтар оқиғасына» қатысты мәлімдемесі барысында «Қазақстанда болған қаңтар оқиғаларын бейбіт демонстрация емес, қарулы төңкеріс деп бағалау қажет» деп атап өткенін айту керек. 

Бір қызығы, содан бері төрт айға жуық уақыт өтсе де ресми органдар тарапынан Қаңтар қасіретіне қатысты нақты баға беріле қойған жоқ. Сол секілді аталмыш оқиғалардың астарында «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс жатыр» деген пікірді де әлі ресми растаған жоқ әрі біржолата жоққа да шығарған жоқ. Әрі бұлардың артында нақты кімдердің тұрғанын да ашып айтпай отыр. 

Тек Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов қана «бүлікшілердің түпкі мақсаты - билікті күшпен басып алу болды» деп бір рет айтып қалды. Кейін бұл мәселеге қайта айналып соққан жоқ деуге болады.

Прокуратура мамандарының айтуынша, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері Алматы ғана емес Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және ШҚО өңірлерінде болған. Тергеу органдарының іс жүргізуінде 5041 қылмыстық іс бар, оның 49-ы жаппай тәртіпсіздік, ал 45-і терроризм бойынша жүргізіліп жатыр.

Кейінгі зерттеулер жалпы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқанын көрсетіп берген. Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша,  олардың ішінде  Жұмагелдиев «Дикий Арман», «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел» секілді топтар болған. Бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 23 мүшесі қамауға алынған. Олардың төртеуі қылмыс әлемінің серкелері.

Қоғам белсенділері мен сарапшылардың айтуынша, Қаңтар қасіреті таза мемлекеттік төңкеріс сипатында болған жоспарлы іс қимылдың көрінісі. Қасіретті қаңтар оқиғасында содырлар бейбіт халықты өз мақсаттарына пайдаланған. 

«Содырлар сол кезде бейбіт жұрттың тасасына тығылып, ту сырттан оқ атты. Қарапайым халықты пайдаланып, өз дегендерін істеді. Көбі алғашқы оқтан-ақ ажал құшты. Әлбетте, аса үлкен мейірімсіздікпен істелген осындай әрекеттердің артында арнайы дайындалғандардан басқа кім тұруы мүмкін», – дейді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Махмұт Телеғұсов.

Сол секілді ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы Генерал-майор Тимур Әбішев Алматы қаласын тас-талқан еткен бүлікшілердің Фабричный кентіндегі ҰҚК орталығында дайындалғанын айтқаны бар. Генерал-майордың айтуынша, Алматының айналасында бірнеше дайындық орталықтары бар. Бұл орталықтардың барлығы Астанаға, «Арыстанға»  бағынады. 

Кейбір сарапшылар бүліктің алдын-ала жоспарланып қойылған дүние екенін айтады. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, бұл Мемлекет басшысы Тоқаевтың аяғынан шалу үшін әдейі жасалған қадам. «Мемлекет басшысы қаңтар айында үлкен реформалар жасауы тиіс болған» дейді ол. 

Мұндай пікірді белгілі заңгер Айман Омарова да айтқан еді. Оның ойынша, ҰҚК Президенттен кек алғысы келген. «Қаңтар оқиғасына ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қатысты. Нақты айтар болсақ, комитет қызметкерлері президенттен ұлттық қоғамдық кеңес пен саяси реформалар іске асырғаны үшін кек алғысы келген. Өйткені Президент адам құқықтары мәселесіне ерекше мән берді. ҰҚК үшін шексіз биліктен айырыла бастады, олар жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын түсінді. Содан бейбіт митингтерді жеке мүддесі үшін пайдаланып кетті.  Жалпы Қаңтар оқиғасының сценарийі кем дегенді екі жыл дайындалған», дейді ол. 

Ал белгілі саясаткер Расул Жұмалы да наразы топты айдап салғандардың артында «ескі гвардия» өкілдері тұрғанын айтқан: 

Наразы бұқараны, оның ішінде жастарды қасақана айдап салу, қару-жарақ үлестіру, мемлекеттік және қоғамдық мекемелерді шабуылдап өртеу, тонау секілді фактілер тіркелген. Ал оның артында түрлі топтар тұрды, бірақ негізгі кінә зор әкімшілік, күштік, қаржылық әлеуетке ие «ескі гвардия» өкілдеріне жүктеледі. Олардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған пиғылы қазірде әшкереленіп отыр. 

Анығы сол - қаскөйлер жеке бастың қамын ел амандығынан биік қойды. Ал енді әлгілер соншалықты жауыз қадамға неге барды? Меніңше, оның жауабы біреу - президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жоққа шығарып бұрынғы авторитарлық қалыпқа қайта оралу.

Б.НҰРАСЫЛ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары