Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың бірінде өрт болды. Салдарынан денесінің 70 пайызын күйік шалған 49 жастағы ер адам қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өрт 7 маусым күні Жамбыл ауданының әкімшілік орталығы Ұзынағаш ауылындағы орталық ауруханадан шыққан. Анықталғандай, қызыл жалын 49 жастағы пациент жатқан бір палатаны шарпыған. Сырттан көмек келгенше ер адамның денесінің 70 пайызын күйік шалып, оқиға орнында қайтыс болған.
Әзірге қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы науқастың қаза тапқанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, Жамбыл аудандық ауруханасындағы өрт фактісі бойынша тергеу басталған. Ал өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аурухананың қабылдау бөлімінде (сүзгі) 2 шаршы метр аумақта болған.
"Қызыл жалын төсек жабдықтарына тиген (матрас пен көрпе). Өрт шыққаны туралы ақпарат "101" және "112" нөмірлеріне келіп түспеді. Шыққан өртті медициналық мекеме қызметкерлері өз күшімен сөндірген. Қазір адам өлімінің мән-жайы мен өрттің шығу себебі анықталып жатыр", - делінген ведомствоның хабарламасында.